0:00 / 0:00
Елімізде 11 мың бала бақша болса, онла 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі, балаларды бақшамен қамту, тәрбиешілердің еңбекақысына қатысты сұрақтарға Оқау-ағарту министрлігінің өкілдері жауап берді. Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамованың айтуынша, елдегі балабақшалардың бәрінде бірдей арнайы күзет қызметі жоқ. Оны енгізу үшін қосымша қаржы қажет.
Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 11 мыңды құраса, бүгінге онда 1 миллионнан астам бала тәрбие алып жатыр. Оның 70 пайызға жуығы қазақ тілінде білім береді. Қалған 30 пайызы аралас балабақша болып табылады. Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің айтуынша, еліміздегі балабақшалар бейнебақылаумен және дабыл нүктесімен қамтылған. Бақшадағы қауіпсіздік мәселесі соңғы кездері жиі орын алған келеңсіз жағдайлардан соң қолға алынған. Балабақшада тәрбиешілер тарапынан балаларды ұрып соғу деректері де жоқ емес. Ал мектепке дейінгі білім беру орындарын толық арнайы күзетпен қаму мәселесі шешілмеген. Оған қосымша қаражат қажет деп отыр.
Министрлік өкілдерінің мәліметінше, бүгінгі таңда 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 90 пайызға жетті, 3 жастан 6 жасқа дейін - 98,3 пайызды құрайды. Дегенмен, балабақшадағы орын тапшылығы толық шешімін тапты деуге келмейді. Себебі, кезекте тұрғандар саны 250 мың баланы құрап отыр.
Министрлік алдағы үш жылда 223 мыңға жуық жаңа орын ашу жоспарлап отыр. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды тегін тамақтандырамыз деген таудай уәдесін берді. Ал балабақшаға келіп тәрбиеші болып жұмыс істеуге ниет білдірушілер көп деп айту қиын. Бүгінгі таңда айлық табысы аз болғаннан кейін бұл мамандыққа қызғыушылық төмен. Министрлік өкілі Манара Адамова балабақша тәрбиешілерінің қазіргі жалақысы өте аз екенін мойындап отыр. Балабақша педагогінің орташа айлығы 164-172 мың теңгені құрайды. Ал тәжірибесі жоқ, жұмысқа жаңадан орналасқан жас маман 94 мың мен 120 мың теңгенің айналасында алады. Оқу-ағарту министрлігі тәрбиешілердің айлығын өсіруді жыл соңына дейін қарастырады дейді Адамова ханым. Жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 97 408 педагог жұмыс істеп жатыр.