0:00 / 0:00
Жаңа жылдың қарсаңында дәстүрлі түрде азық-түлікке бағаның өсуіне бой үйреніп алғандай. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, алдыңғы аптада әлеуметтік-экономикалық маңызы бар азық-түлік бағасының индексі өзгеріссіз қалды. Осы санаттағы 19 түрлі тауардың бағасы өзгерген жоқ, - дейді сауда министрі. Дегенмен жаңа жылдық дастарханға қойылатын азық-түлікке баға өсуі мүмкін. Арман Шаққалиев 37 тауар түрін қарастырып отыр.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ - ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ «Жаңа жыл себетіне қатысты айта кетейін, мейрам кезінде дастарханға қойылатын өнім түрлері бойынша белгілі бір өзгеріс болады деп күтіп отырмыз. Шартты түрде 37 тауар түрін алып қарадық – белгілі бір өзгерістер бар. Оның ішінде жұмсақ қаптамадағы сүт, мандарин, шампан сияқты өнімдер бар. Жылдық инфляция көлемі – 10,3% болса, жаңа жыл себетіне кіретін тауарлар бағасындағы қазіргі өзгеріс 10-10,7% пайыз аралығында».
Ал импортпен келетін азық-түлік көлеміне қатысты сауда министрлігі 19 әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша 80 пайыз отандық өніммен қамтуды көздеп отыр. Әзірге осы тізімге кіретін азық-түлік бойынша импортқа тәуелділік 40-60 пайыздың деңгейінде. Өздеріңіз көріп отырғандай дүкен сөрелерінде көрші елдерден әкелінген импорттық тауарлар самсап тұр.
Өздеріңізге мәлім, 2024 жылдың көктемінен бастап Қазақстанның бүкіл аймағы бір уақыт белдеуін қолданатын болады. Астана, Алматы, Шымкент және республиканың тағы 12 облысында сағат тілі өзгеріп, уақыт тілі бір сағатқа артқа жылжытылады. Бұл жаңалық шығысымен қоғамда уақыт белдеуінің өзгеруі адам денсаулығына зиян келтіреді деген пікірлер айтыла бастады. Алайда, ғалымдар керісінше, қазіргі алты сағаттық уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ырғақ пен адам денсаулығына кері әсер етеді деп отыр.
Осылайша Қазақстанның бүкіл аумағы 5-сағаттық белдеуде орналасады. Яғни алдағы жылдың наурыз айынан бастап еліміздің батыс өңірлерінің уақытына көшеміз.