0:00 / 0:00
Астана маңында өрт шығып, бүкіл қаланы көк түтін басты. Төтеншеліктердің хабарлауынша, Қорғалжын тас жолы мен Қосшы қаласының айналма жолында құрғақ шөп өртеніп жатыр. Бүгін таңертең сағат 09:12-де Астана қаласының ТЖД бөлімшелері құрғақ шөптің өртенуі туралы хабар келіп түскен. Өрт сөндірушілер бірден оқиға орнына жетті. 15 гектар аумақта өртті жою жұмыстары жүргізілді. Өртті тоқтатуға қаладағы қатты екпінді желдің және жердің батпақтығы кедергі болуда дейді төтеншеліктер.
Ел астанасын көк түтін басты. Далада маскасыз жүру мүмкін емес. Таңертеңнен бері қала сыртынан келіп жатқан түтіннің иісін сезген елорда тұрғындары әлеуметтік желіде өрт болып жатыр деп жарыса жазып жатты. Төтеншеліктердің хабарлауынша, Қорғалжын тас жолы мен Қосшы қаласының айналма жолында құрғақ шөп өртеніп жатыр. Таңертең тоғызда шарпыған өрт тоқтайтын емес. Өртті сөндіруге жеке құрамның 158 адамы және Астана қаласы ТЖД техникасының 33 бірлігі, әкімдіктің 8 суару машинасы және Астана орманның 10 бірлігі жұмылдырылды.Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің екі тік ұшағы көмекке келді. Алайда, түстен кейін қала көк түтінге оранды. Өртті бірден ауыздықтауға екпінді жел кедергі болып жатыр дейді төтеншеліктер.
ДАМИР ЕРМАҒАМБЕТОВ – ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ «Проблема жоқ. Тек екпінді жел кедергі болып жатыр. Күннің ыстығы да бар. Жеке құрамның өртпен күреске өз шамасы жетіп жатыр. Өрт бақылауда, қысқа уақытта жалынды тоқтатамыз»
Астаналықтар көк түтінге тұншығып жатыр. Сыртта жүру мүмкін емес.
Қалада орын алған жағдайға байланысты қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы астаналықтарды көшеге еш себепсіз шықпауға, үйдің терезелерін ашпауға, көшеде бетперде тағып жүруге шақырды. Әсіресе тыныс алу органдарының аурулары бар адамдар сақтанғаны жөн. Астана Төтенше жағдайлар департаментінің 17:30-ғы мәліметі бойынша, тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр. Тұрғын үйлер мен орман алқабына қауіп жоқ.