0:00 / 0:00
Күні кеше алдағы Президенттік сайлауда қазіргі ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын 8 ұйым қолдаса, бүгін үш партия қолпаштап шықты. Аmanat партиясының кезектен тыс XXIV съезінде партия төрағасы Ерлан Қошанов президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауды ұсынды. 2019 жылдан бері ел тізгіні Тоқаевтың қолында. Ол Президент болғалы тәуекелдер мен сынақтар аз болған жоқ.
Қошановтың ұсынысын партияластары жарыса қолдады. Кезінде спорт министрі болған палуан Дәулет Тұрлыханов бастаған, өңірдегі жас депутаттар қостаған эмоцияға толы пікірлер айтылды.
Астанада өткен «Amanat» партиясының съезіне еліміздің барлық аймағынан делегаттар қатысты. Жалпы 1200 адам қатысқан съезд қортындысы бойынша аманаттықтар қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы жеті жылда ел басшылығында болғанын қалайды. Съезд барысында мәлім болғандай, алдағы Президент сайлауына Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған ұйымдар халықтық коалиция құратын болды. Көпке созбай коалицияның форумы өтті. Осылайша Тоқаевты қолдаған қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар төрткөз түгел осы коалицияға қосылды. Әдетте саяси көзқарастары қиыспай жататын ұйымдар енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Президенттік сайлау науқанына кірісіп кетті.