Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

АҚЖОЛДЫҚТАР ҮКІМЕТТІ ҚОЛДАМАДЫ

c 20:04, 20/06/2022 c 977

0:00 / 0:00

Парламенттегі «Ақжол» партиясының фракциясы үкіметтің 2021 жылғы бюджеттің атқарылуына қатысты есебін қолдамады. Бүгін Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысында 2021 жылғы бюджеттің атқарылуына қатысты үкімет пен есеп комиеттінің есебі тыңдалып, талқыланды. Бұған дейін айтылғандай, қазына қаржысын тиімсіз пайдалану, игерусіз қалған миллиардтар, Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың негізсіз жұмсалуы сияқты бұзушылықтар баршылық. Депутаттар үкіметтің жұмысын жарыса сынап, аяғында заң жобасын көпшілік дауыспен қабылдап жіберді. Тек «Ақжол» партиясының 12 депутаты дауыс беру барысында қалыс қалды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған шенеуніктер дүйсенбінің таңын Парламентте атырды. Қос палатаның бірлескен отырысына 2021 жылғы бюджеттің атқарылуын нақтылау туралы жоба шығарылған еді. Құжат бұған дейін Мәжіліс пен Сенаттың сүзгісінен өткенді. Тәртіп бойынша қос палата бірлесе отырып қабылдауы керек немесе кері қайтаруы тиіс. Алайда, үкіметке заң жобасын кері қайтару үрдісі соңғы 15 жылда Парламент қабырғасында орын алмаған. Ал депутаттарды тыңдасаңыз үкіметке сын көп. Есеп комитеті де талай бұзушылықтарды анықтаған. Ұлттық қордың қаражатын негізсіз жұмсау, бөлінген қаражатты тиімсіз пайдалану, игере алмау көп тіркелген. Аяғына жетпеген бағдарламалар қаншама. Депутаттар қымбатшылықпен күресе алмай отырған Смайылов үкіметі мен Ұлттық банкті әбден сынады. Ақырында үкімет басшысы енді ұлттық қордан қаржы тартуды қысқартамыз деп ант-су ішті.

Есеп комитетінің төрайымы Годунова ханым, үш жылдық бюджеттен бас тартып, бір жылдық бюджетті жоспарлауға көшкен жөн деп отыр.

НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА – ҚР ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ «Үш жылдық бюджеттің формальды күйінде қалғаны белгілі. Оны қалыптастыру үшін көп уақыт қажет. Орындау барысында тек бірінші базалық жыл нақтыланып, түзетіледі. Одан кейінгі жылдарды қарамаймыз да. Нәтижесінде аяқталмаған нысандар пайда болады. Біздің ойымызша, бюджетті бір жылға жоспарлауды қайтару мәселесін көтеретін уақыт келді»

Осылайша бірлескен отырыста әбден сыналған үкімет тағы да құтылып кетті. Себебі, депутаттардың айтатынын айтып, сынап алғанымен, дауыс беруге келгенде қолдап жіберетін әдеті бар. Тек «Ақ жол» партиясының 12 депутаты үкіметті қолдамады. Өткен жылғы бюджеттің атқарылуына қатысты жобаға дауыс беруде қалыс қалды.

Есеп комитетінің басшысы бюджеттік тәртіпті бұзған лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды күшейтеміз деп отыр. Қомақты айыппұл салынбақ. Айта кету керек, бұған дейін бюджеттік заң бұзушылықтар үшін , орталық мемлекеттік органдардан вице-министрлер мен комитет басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 100-ден аса мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Алайда, министрлердің жауапқа тартылғанын көрмедік.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.