0:00 / 0:00
Сенаторлар мемлекеттік рәміздерді қорлаған, анайы сөйлеп, әдепсіздік көрсеткен әншілерді сахнадан 5 жылға аластатуды ұсынды. Үкіметке сауал жолдаған депутат Нұртөре Жүсіп құр кешірім сұрап, айыппұл төлеп құтылу өте жеңіл жаза деп отыр. Еске сале кетейік, жақында Алматы қаласында өткен концертте "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza лақап атымен танымал Асхат Жолшиев өрескел әрекет жасады. Жас әншілер сахнаға мас күйінде шығып, бейәдеп сөздер айтып, әдепсіз қылықтар көрсеткені аздай, Асхат Жолшиев мемлекеттік туды қорлаған болатын. Бұл әдепсіз қылықтары үшін қазақстандықтардың сынына ұшыраған "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов видео арқылы халықтан кешірім сұрағанды.
Мәтін. Сенаторлар шығармашылық ұжымдар мен әншілердің халық алдындағы жауапкершілігін қатаңдатып, киелі сахнадағы мәдениетін сақтауды талап етті. Депутат Нұртөре Жүсіптің сауал көтеруіне жақында Алматыда орын алған келеңсіз жағдай себеп болды. "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza лақап атымен танымал Асхат Жолшиев өз концертінде өрескел әрекет жасады. Жас әншілер сахнаға мас күйінде шығып, анайы сөздер айтып, әдепсіз қылықтар көрсетті. Ол аздай Асхат Жолшиев мемлекеттік туды қорлады. Бейнетаспа әлеуметтік желіде тез тарады. Бұл мәселе Президенттің де назарына іліккен.
Қазақстандықтар енді ғана жұлдызы жана бастаған жас әншілерді әбден сынға алды. Киелі сахнаны қорлап, көрермендеріне құрмет көрсетпегендерді жауапқа тарту ұсынылды. Көптің сынына ұшыраған "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов видео арқылы халықтан кешірім сұрады. Әртіс сахнаға ішімдік ішіп шыққанын мойындап, қателік жасағанын, осы жайт оған үлкен сабақ болғанын айтты. Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлағаны бірнеше жаза қарастырылған. 2 000 айлық есептік көрсеткіште айыппұл, түзеу жұмыстарына тарту, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, сол мерзімге бас бостандығынан айыру бар. Алайда, депутаттар кешірім сұрап, айыппұл төлеп құтылу жеңіл жаза деп отыр.Сенатор Жүсіп әдепсіздік көрсеткен әншілерді 5 жыл бойы сахнаға маңайлатпауды ұсынды.
Ал құзырлы органдар мен мәдениет министрлігі әншілердің бұл қылығына қатысты нақты шешім шығармады дейді сенатор.
ДӘУРЕН АБАЕВ – ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ «Бұл проблеманы жақсы білеміз. Шұғылданып жатырмыз. Жақында нәтижесін айтамыз. Ал қандай жауапкершілікке тартылатыны әзірге талқыланып жатыр»
Осылайша мәдениет министрлігі әдепсіз әншілерді жазалау жолын талқылап жатқанда, сенаторлар қандай жазаға тарту керектігін де айтып берді.