0:00 / 0:00
Құлдыққа жегу, жезөкшелікке пайдалану, адам ағзасын сату –адам саудасына себеп болып отырған басты факторлар. Бұл қылмыс әлемдік проблемаға айналған. Өкінішке орай Қазақстанда да адам саудасы қылмысы өршіп тұр. Шекараның ашық болуы, көші-қон ағынының күшеюі, экономиканың дамуына байланысты қылмыстың осы түрінің мемлекетаралық және трансұлттық сипат алуы жиілеп кеткен. Ішкі істер органдары тоғыз айда 200 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлап отыр.
САНЖАР ӘДІЛОВ – ҚР ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ «Ағымдағы жылдың 9 айда ІІО-ның өндірісінде адам саудасы бойынша 200 қылмыстық іс болды, оның 40%-ы сотқа жолданды, қалғандары бойынша тергеу жалғасуда. 26 адамға қатысты әртүрлі жазаны тағайындай отырып, айыптау үкімдері шығарылды».
Адам саудасының жәбірленушілеріне өтемақы төлеу енгізілген. Министрлік өкілдері осыған дейін 720 жәбірленушіге 93 млн теңге өтемақы төленгенін айтады. Аталған қылмыстың құрбандары бойынша сатистика жантүршігерлік. Соңғы үш жылда жыл сайын адам саудасының 90-ға дейін құрбаны анықталды. Оның ішінде еңбек құрбандары көп. Катар, Индонезия, Бахрейн, Араб Әмірліктері, Түркия мен Оңтүстік Кореяға біздің азаматтарды құлдыққа әкетумен айналысқан сегіз арна анықталып жойылды.
САНЖАР ӘДІЛОВ – ҚР ІІМ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ «Мысалы, биыл біз Қазақстан, Ресей және Бахрейн Корольдігінің азаматтары болып табылатын 19 адамнан тұратын трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысты тергеуді аяқтадық. Олар соңғы бес жыл Бахрейндегі жыныстық қанау үшін, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты адам саудасымен айналысқан. Зардап шеккендердің жалпы саны 39 азаматты құрады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралуда»
Сондай-ақ, біздің елге Өзбекстан мен Қырғызстаннан адамдарды әкеліп құлдыққа жегу фактілері де белгілі болды.