0:00 / 0:00
Журналистерге шабуыл жасағандар бойынша 30 қылмыстық іс қозғалды. Бұл жайында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов үкімет дәлізінде тілшілерге берген сұқбатында айтты. Қазір осы қозғалған істер бойынша 22 адам ұсталған.
Қазақстанда БАҚ өкілдеріне қатысты шабуылдар көбейіп кетті. Осыған дейін ІІМ-гі соңғы 6 айда журналистер мен блогерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасағаны үшін 18 адам ұсталғанын хабарлаған еді. Еске сала кетейік, 2022 жылғы қыркүйектен бастап биылғы 20 ақпанға дейін Алматы және Астана қалаларында 6 журналист пен блогерге, сондай-ақ 1 адамға қатысты олардың қызметімен байланысты бірқатар құқыққа қарсы әрекет жасалған. Полицияның мәліметінше, жәбірленушілерге қатысты жылжымайтын мүлікіне қасақана зақым келтіру, автокөліктерін өртеу, оларға әртүрлі заттарды жөнелту арқылы қорқыту фактілері, жәбірленушілердің мекенжайлары бойынша терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар мен интернет желісінде дербес деректерін тарату фактілері жасалды. Министр Ахметжанов алдымызға жаңа деректерді жайпы салды. Журналистерге шабуыл жасағандар бойынша 30 қылмыстық іс қозғалып, 22 адам ұсталған.
МАРАТ АХМЕТЖАНОВ – ҚР ІІМ «Осы факт бойынша 30-дан аса қылмыстық іс қозғалды, 22 адам қамауға алынды. Қазір жетеуі қамауда отыр, қалғандарына қатысты жеке басы мен жасы ескеріліп, қоғамнан оқшаулауға қатысы жоқ бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Біздің шенеуніктер сіздерге қолда бар ақпаратты ұсынады».
Бас полицейдің айтуынша, журналистер жәбірленуші деп танылып, тергеу әрекеттеріне қатысып жатыр. Журналистер одағы жетекшілерінің пікірінше, баспасөздегі сөз бостандығы елдің экономикасы мен тыныштығына тікелей әсер етеді. Тәуелсіз БАҚ қылмыстардың бетін ашуға көмектеседі, елдегі демократияны сақтайды. Ал масс-медианы мемлекеттік бақылауда ұстаған елдерде биліктегі жемқорлық, кедейшілік пен өмір сапасының төмендеуі жайныда айтатын тәуелсіз журналистердің өміріне қауіп бар. Сол себепті де, БАҚ бейресми тілде төртінші билік деп атайды. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сөз бостандығы бар елдерде сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен дейді сарапшылар.