0:00 / 0:00
28 қазан Қазақстан үшін қаралы күн болды. Кеншілер мекені-Қарағанды өңіріндегі Костенко шахтасында орын алған апат елді дүр сілкіндірді. 46 шахтер қаза болды. Апат кезінде 252 адам жер астында болған, оның 205-і жер бетіне шығарылды. Бұл «Арселлор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты шахталарда соңғы 15 жылда орын алған ең ірі апат болып отыр. Өздеріңізге мәлім, қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Үкіметтік комиссия жұмыс жүргізіп жатыр. Бұған дейін үкімет басшысы кісі өліміне әкеліп соққан апатқа «Арселлор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығы кінәлі деген болатын. Брифинг барысында Смайылов Костенко шахтасындағы апат бойынша жан-жақты тергеу жүріп, кінәлілер жауапқа тартылады деді. Сондай-ақ ол бұл қайғылы жағдайға үкімет те жауапты екенін айтып, қаза болғандардың туғандарынан кешірім сұрады.
Қазір үкімет «Арселлор Миттал Теміртау» компаниясын мемлекет меншігіне қайтару жұмысын жүргізіп жатқаны мәлім. Премьердің айтуынша бұл шаруа бір айдың ішінде аяқталмақ. Ал Лакми Миттал компаниясын Қазақстанға тегін беріп қоймасы хақ. Үкіметпен саудаласып жатқаны белгілі. Әзірге Смайылов Арселлормен жүргізіліп жатқан келіссөз жайында ақпарат бере алмаймыз деп отыр. Ал «Арселлор Миттал Теміртау» компаниясы мемлекет меншігіне өткен соң, үкімет оған қазынадан қаржы құймаймыз, отандық инвесторды тартпамыз деп отыр. Премьердің айтуынша, жаңа инвестордың кәсіпорынға үш жыл бойы 3 млрд доллар құя алатындай жағдайы болуы керек.
Ал «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі бар деген ақпарды Смайылов жоққа шығарды.