0:00 / 0:00
1 миллионнан астам қазақстандық банкрот болып танылуы мүмкін. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, 1 млн 170 мың адам өзін банкротпын деп жариялауы мүмкін. Оның ішінде, 31 мың адам – сот процедурасымен өздерін банкрот деп тануы ықтимал. Бірақ айта кетерлігі, бұл процедураға жүгіну-жүгінбеу азаматтың өз еркінде. Біз қарызы бар адамдарды бізге келіңіз немесе сотқа барыңыз деп үгіттей алмаймыз. Ол әр азаматтың салмақты ойланып қабылдаған шешімі болуға тиіс дейді ол. Бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң жобасы қабылданды.
Қазақстанда 8 миллионға жуық адамның банк алдындағы қарызы бар. Көбінде бір емес, бірнеше несие бар. Ал олардың банк алдындағы қарызы 12 трлн теңгеден асып отыр. Оның ішінде автонесие, ипотека, тұтынушылық несиелер бар. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, 1 млн 170 мың адам өзін банкротпын деп жариялауы мүмкін.
Вице-министрдің айтуынша, банкроттық деп танылудың үлкен салдары бар. Оның бірі – азамат 5 жылға дейін ломбард ұйымдарынан басқа, ешқандай несие ұйымдарына жүгіне алмайды. Сенатта қаралып, қабылданған «Азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң жобасы бойынша, соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық жариялау және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру шаралары енгізілді. Жеке тұлға өзін банкрот қылып жариялауы үшін берешегі 4,9 млн теңгеден аспауы тиіс. Оның ресми кірісі, мүлігі болмауы керек. Банкрот деп жарияланған тұлғаға шетелге шығуға тиым салынады.
Жалпы банкроттықтың салдарына тоқталсақ, құжатта 5 жылға несие алуды шектеу ескерілген. Азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. 3 жыл бойы адамның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Сондықтан банк алдындағы қарызыңыз болса өзіңізді банкрот деп жарияламас бұрын, оның салдарын салмақты ойлаған жөн деп кеңес береді қаржы вице-министрі.