0:00 / 0:00
Қазан айының басында сенаторларға Ұлттық экспедиторлар қауымдастығы шағымданған. Олар «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясы экспорт пен транзит тасымалының негізгі және қосымша жоспарларын мақұлдаудан бас тартқанын айтқан. Ал өз кезегінде компания «Кедентранссервис» және «KTZ Express» сияқты өз экспедирторларының жоспарын кедергісіз іске асырып жатыр. Бұл орайда ұлттық компания тарапынан «өз» компанияларына артықшылықтар беріп отырғаны айдан анық дейді сенатор Кузиев. Осыған орай депутат сауал жолдап, ҚТЖ-дан мәселенің мән-жайын түсіндіруді талап еткенді. Алайда Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан бірнеше рет депутаттық сауал жолдағанымен, мәселені шешуге ықыласы жоқ салғырт жауаптар келген көрінеді. Депутаттық сауалға толыққанды жауап беруді жөн санамаған құзырлы орган мен ҚТЖ компаниясы енді сенаторлардың алдында тізе бүгіп жауап беретін сияқты.
Себебі, Кузиев бастаған депутаттық топ үкімет басшысынан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының үстінен тексеру жүргізіп, Көлік министрі мен компания төрағасының Парламентке келіп есеп беруін талап етті.
Бұл қазақстан темір жолы саласындағы бір ғана проблема емес. Бүкіл ел аумағында теміржол желісі жеткілікті деңгейде дамымай жатыр. Негізгі құралдардың тозу көрсеткіші, жолаушы тасымалдау құрамының тапшылығы, сервис сапасыздығы өсіп жатыр. «ҚТЖ» паркінде қазіргі таңда 2228 вагон бар. Оның ішінде 776 вагонның немесе 35 пайызын пайдаланып келе жатқанына 28 жылдан асып кеткен. Жолаушы вагондарының орташа тозу көрсеткіші – 53 пайыз, жүк вагондарында – 55 пайыз, ал локомотивтерде 67 пайыздан асып кеткен. Бұл проблема Қазақстан арқылы өтетін транзиттің тартымдылығын күрт нашарлатып, көршілес елдерді балама маршурттар іздеуге мәжбүр етіп отыр, - дейді сенатор.
Сенат депутатының мәліметінше, ҚТЖ қызметінің түрлеріне жасалған талдау нәтижесінде монополияға қарсы орган қызметтің 424 түрінің 19% ғана келісілгені анықталды. Осылайша, ҚТЖ өз іс-әрекеттерімен экспорт тасымалының ондаған жылдар ішінде жолға қойылған технологиясын бұзып,бәсеке теңсіздігін қалыптастырып отыр.
Ал ҚТЖ-ның негізгі табыс көзі жүк тасымалынан түседі. Тиімсіз жұмыстың салдарынан теміржолымыз ішкі нарықта да, оның сыртында да бәсекеге қабілетсіз болып отыр, - деді Закиржан Кузиев өз сауалында.