0:00 / 0:00
Дамыған елдерге қарап бой түзейтін болсақ, АҚШ пен Еуропада шағын және орта бизнес экономиканың негізгі қозғаушы күші болып табылады. Бұл елдерде ШОБ ішкі жалпы өнімдегі үлесі 70 пайызды құрайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 30 пайыздан сәл асқан. Яғни бизнес әлі де болса дамуды қажет еді. Президент елге инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы қаулыға қол қойды. Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы да беріліп отыр. Сондай-ақ, мемлекет басшысы өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес үшін салықтық есебін 30 пайызға азайту, салықтық төлемдер санын кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады деді. Кәсіпкерлердің банктердегі шоттарын бұғаттау кезінде олардың салықтық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылатын болатынын айтты. Отандық бизнестің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі-ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруді дамыту.
Әрине кәсіпкерлікті дамыта отырып, әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпаған жөн. «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау барысында Каспий Құбыр Консорциумы «Парыз» республикалық әлеуметтік жауапкершілік конкурсының алтын наградасын қанжығалады. Компания еліміздегі денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру, экология салаларына және инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаржы құйып келеді. 2001-2022 жылдар аралығында компания қайырымдылық жобаларына 12 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.
НИКОЛАЙ ГОРБАНЬ – «КҚК-Қ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ «Жылда 1,5 миллиард теңгені әлеуметтік жобаларға бөлеміз. Бұл біз жүзеге асырып жатқан мектеп салу жобасын айтпағанда. Қазір Атырауда 900 оқушы арналған мектеп салып жатырмыз».
Бизнес қауымдастығының айтулы жиынында батысқазақстандық кәсіпкерлер де марапаттан құр қалмады. "Конденсат" АҚ «Іскер» арнайы премиясына лайық деп танылды. Компанияның қызметінің негізгі түрі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу және әртүрлі отын түрлерін өндіру болып табылады. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы жылына 850 мың тонна шикізатты өңдеу мүмкіндігі бар отын өндіру зауыты. Дегенмен, осы ірі компанияның өзі шикізатпен қамту проблемасына тап болып отырмыз дейді. Өздеріңізге мәлім, мұнай-газ шикізатының басым бөлігі экспортқа кетіп жатыр.
НҮРИЯ МУФТЕЕВА – «КОНДЕНСАТ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ «Біз шикізат проблемасымен бетпе-бет келіп отырмыз. Шикізатқа тәуелді компанияларға керегі- үкімет осы мәселені шешіп берсе. Онсыз жұмысымыз алға бастпайды, толыққанды жұмыс істей алмаймыз. Қажетті шикізатпен толық қамтылсақ, жаңа жұмыс орындары пайда болар еді, салық көбірек төлейтін едік. Барлық ресурс бар. Тек қолдау керек»