0:00 / 0:00
Өткен жылдан бері қайта жаңғырған Республика күні –еліміздің басты мейрамы екенін Президент тағы еске салды. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік деді Тоқаев. Әлемде орын алып жатқан геосаяси ахуалға тоқталған Президент, бейбітшілік еліміздің басты байлығы деді. Ол еліміздің тұрақты дамуы үшін қателіктерден сабақ алуға шақырды.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы тарихқа тоқталып, егемендік декларациясын қабылдау оңайға соққан жоқ деді. Бұл орайда ол сол кезде тарихи шешім қабылдаған азаматтардың есімдерін атады.
Мемлекет радикализмнің, экстремизмнің, құқықтық нигилизмнің және тұрмыстық вандализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатын болады. Заңға қайшы келетін, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа нұқсан келтіретін кез келген сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қойылады деді Президент.
Ақордада Республкика күні қарсаңында Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, мәдени даму жолында ерен еңбегімен көзге түскен бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыс етілді. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар. «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта жаңғырып отыр. Әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген «Қазақстанның халық әртісі» атағын қанжығалады. Сондай-ақ, бұл марапатқа әнші Рамазан Стамғазиев пен күйші Айгүл Үлкенбаева да ие болды. Айта кету, керек араға 25 жыл салып, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайта оралып, төл әдебиетімізге зор үлесін қосқан Төлен Әбдікұлы, Смағұл Елубаев бастаған бірқатар ақын-жазушылар марапатталды.