Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ МОДЕЛЬ

c 01:13, 02/09/2023 c 89

0:00 / 0:00

Ел Президенті Жолдауында Қазақстанның жаңа экономикалық моделін ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет Жолдауда айтылатын міндеттің бәрін үш жылдың ішінде орындауы тиіс деді. Тоқаев өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет деді.Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек. Сондай-ақ, Президент Жолдауында Атом Электр станциясын салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық рефрендумда шешілетінін айтты. Ең төменгі жалақыны көтеру, ауылдықтарға жеңілдетілген ипотека беру, көлік және су министрліктерін құруды да айтты.

Тоқаев жолдауында энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажеттігін айтты. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Президент су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі деді. 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу үшін су ресурстары саласы экология министрлігінен бөлініп шығатын болды. Яғни жеке су министрлігі құрылмақ.

Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Жалпы, саланы дамыту үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізілуі тиіс. Жеке инвестицияны көптеп тарту керек. Бұл орайда Мемлекет басшысы Көлік министрлігін қайта құруды ұсынды. Жолдауда орат және шағын бизнеске берілетін несиенің жеткіліксіздігі айтылды. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді.Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет деді Тоқаев. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тарту жоспары бар. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке ауыл халқы үшін жеңілдетілген ипотека беру мәселесін пысықтауды тапсырды.

Келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері өсетін болды. Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек.

Мемлекет басшысы кәмелет жасқа толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген жұмысшыларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді. Бұл орайда Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұрады. Жолдауда саяси мәселер де қамтылды. Тоқаев жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керектігін айтты. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлап алатын болдық.

Осылайша Президент Үкімет пен Парламентке тапсырманы үйіп-төгіп берді. Шененуіктер мен депутаттардың ендігі міндеті Жолдауды қолдау болып отыр.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.