0:00 / 0:00
Үкімет Төтенше жағдайға қомақты қаржы бөлді. Үкіметтің резервінен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысатын Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе кемелеріне 5 су шашу құрылғысын және 71 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алуға 633 млн теңге қарастырылып отыр. Бұл жайында премьер-министрдің кеңесшісі Динара Әлімова хабарлады.
Елде соңғы кезде төтенше жағдайлардың орын алуы жиілеп кетті. Әсіресе орман өрттері мен су тасқыны барысында үкімет шығынға батып жатады. Ал оның алдын алу жұмыстарына келгенде құзырлы органдар мен әкімдіктер жұмысын дұрыс атқара алмай отыр. Қостанай, Семей өңірлеріндегі орман өрттері даланың өкпесі болып отырған мыңдаған гектар алқатаптардың жойылуына әкеп соқты. Үкімет бұл мәселеге енді кірісіп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерін арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету үшін резервінен 633 миллион теңге бөлді. Оған ұшқышсыз ұшу аппараттары мен су шашатын кемелер сатып алынбақшы.
Бүгінгі таңда ТЖМ қарамағында 27 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Алайда биылғы жылы орын алған өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар олардың санының жеткіліксіз екенін көрсетті.
Сонымен қатар су қоймаларынан су алып, табиғи өрт ошақтарына әуе арқылы жеткізу үшін 12 су шашатын құрылғы бар. ТЖМ авиациялық паркі көпфункциялы 34 әуе кемесінен тұрады. Алайда алапат өрт кезінде қолда бар техникамен тілсіз жауды тезарада ауыздықтау мүмкін болмағанын Семей орманының өртінен көрдік. Енді үкімет бөлген миллиондар бұл проблеманың шешімін табады деген үміт бар. Жаңа дрондар мен су шашу құрылғыларын сатып алу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде тиісті бөлімшелердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп сендіреді үкіметтегілер. Статитискаға сүйенсек, жыл сайын елімізде 1 мыңға жуық орман және дала өрттері, сондай-ақ 4 мыңға жуық табиғи өрт тіркеледі.