0:00 / 0:00
Еліміздегі орта білім беру ордалары жаңа оқу жылына дайын ба? Оқу жылының ұзартылуына қатысты қоғам пікір назарға алына ма? Мектепке оқушы хиджап киіп бара ала ма? Бүгін өткен үкімет отырысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі, мектеп құрылыстары мен жқндеу жұмыстарының дайындық барысы талқыланды. Толығырақ тілші репортажынан.
Қазақстандық мектептер жаңа оқу жылына 100 пайыз дайын деп айтуға келмейді. Жаңадан салынып жатқан мектептердің кейбірі 1-і қыркүйекке дейін үлгермейді. Жөндеу жұмыстары да баяу жүріп жатыр.
Оқу-ағарту министрі оқу жылының ұзақтығына қатысты мәселеге де әлі күнге дейін нүкте қоя алмай отыр. Өздеріңізге мәлім, биыл оқу жылының соңында оқу ұзақтығы 36 аптаға созылып, мектеп оқушылары 1 маусымда ғана каникулға шыққан болатын. Алайда, бұл мәселе толық шешімін таппай отыр. Сарапшылардың пікірі екіге бөлінді. Біреулер 34 аптаны қолдаса, басқалары 36 апта болуы керек деп отыр.
Тағы бір мәселе, оқушылар арасында діни көзқарасына қатысты мектепке «хиджап» киіп баратындары бар. Министр Бейсембаев осыған қатысты сұраққа нақты жауап бере алмай қиналды.
Үкімет отырысында мәлім болғандай, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаруа толық шешілмеген. Премьер-министрдің айтуынша, мектептердің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. 30%-дан астамы әлі күнге дейін полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған. Ал ішкі істер министрлігі 5 620 мектептің қауіпсіздік жүйелері тексеріліп, 2 900 нысанда сан алуан кемшілік анықталды деп хабарлап отыр. Оның ішінде бейнебақылау жүйелері стандарттарға сай емес, дабыл түймелері жоқ, турникеттер мен лицензияланған күзетпен қамтылмаған. Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаевтың мәліметінше, осы кемшіліктерге қатысты 24 басшы жауапқа тартылды. 5,4 млн теңгеге айыппұл салынды. Атап айтсақ Алматы, Атырау және Қарағанды өңірлерінде мектеп қауіпсіздігін қамтуға қатысты жұмыс кешеуілдеп жатыр.