0:00 / 0:00
Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен-кітапхана. Бұл кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтың дана сөзі. Қазақстандық кітапханашылардың 85 мың теңге айлықпен күн көріп жатқан жағдайы бар. Ал үкіметтің 2022 жылдан бері жалақыны 20 пайызға өсіріп жатқаны, кітапханашылар үшін жұғын болып жатқан жоқ. Оның өзінде мәдениет саласына қарасты кітапханашылардың ғана айлығы әупірімдеп өскен. Ал білім ордаларында кітапханашылардың жалақысы мүлдем көтерілмеген. Депутаттық топ үкіметке бірнеше рет сауал жолдап, кітапханашылардың айлығын екі есеге өсіруді талап етіп отыр. Алайда нақты нәтиже жоқ. Бүгін осы сауал аясында елімізде “Кітапхана ісі” мамандығын жетілдіруге және “Педагог-кітапханашы” мамандығына лицензия қарастырып, біліктілік санатын беру мәселесіне арналған талқылау өтті.
Кітапханашылардың статусын көтеріп, «педагог -кітапханашы» мамандығын енгізу қажет. Сондай-ақ, кітапханшылардың айлығын екі есеге өсіру керек. Кітапханашы мамандығына оқуға грант санын арттыру да айтылды. Бұл тек осы мамандық иелерінің проблемасын ғана шешіп қоймай, қазақстандық балаларлың кітап оқуына ден қою мәселесін де шешеді дейді депутаттар. Жұлдыз Сүлейменова кітапханашылардың жалақысы елдегі орташа жалақы көлемінен төмен болмауы керек деп санайды.
Мәжілісмен Сүлейменованың келтірген деректерінше, бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығының қалыптасу деңгейін бағалайтын PIRLS-2021 халықаралық зерттеуінде қазақстандық оқушылардың орташа нәтижесі 504 балды құрады. Бұл Сингапур, Гонконг оқушыларымен салыстырғанда 70 балға төмен. Сондықтан, педагог-кітапханашы мамандығын ашып, балаларды кітап оқуға баулитін әдіс енгізілмек. Бүгінде еліміз бойынша 7 мыңнан астам мектеп кітапханасы бар. Сонда еңбек етіп жүрген кітапханашылардың айлығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын кітапханашылардың айлығынан 50-60 мың теңгеге төмен. Ал мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысы 85 мыңнан-130 мың теңгені құрайды. Халықты әлеуметтік қорғап отырған еңбек вице-министрінің пікірінше, бүгінгі қымбатшылықта 85 мың теңгеге өмір сүруге болады.
Вице-министр Ордабаев айтып отырғандай, 2022 жылдан бері мәдениет саласына қарасты кітапханашылардың айлығы 20 пайызға өсіп жатыр. Бірақ оның өзі жұғын болмай отыр дейді кітапханашылар.
Бүгінгі күні елімізде осы салада 8 300 кітапханашы қызмет атқарады.5 900-і жоғары білімді мамандар, қалғаны орта білімді. Жалақы өте төмен. 2016 жылдан бері маман тапшылығы сезіледі. Ал алдағы үш жылда 6200 кітапханашыға тапшылық орын алуы мүмкін. Депутаттардың мәліметінше, білім беру саласындағы кітапханашылардың еңбекақысын көтеруге қазынадан 5 миллиард теңге қаражат қажет. Алдағы күзде бюджетті талқылауды осыған қол жеткіземіз деген үмітте олар.