0:00 / 0:00
Экс-мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттінің хабарлауынша адвокат Мұстахым Төлеев пара беруге итермеледі деген күдікке ілініп отыр. Сондай-ақ, жасырын іс-шаралар кешенінің нәтижелері бойынша пара беруге оқталған Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы да пара беруге итермеледі деген күдікке ілініп отыр.
8 жылға сотталған Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот ісі жалғасатын сияқты. Енді экс-министрдің адвокаты қамауға алынып, әйелі де пара беруге итермеледі деген күдікке ілініп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеп жатқан қылмыстық істерді жедел сүйемелдеу аясында сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметке араласуға бағытталған аса ауыр жемқорлық қылмыстар жасалынғаны анықталып отыр. Антикор Мәдениет және спорт экс-министрі А.Мұхамедиұлының жұбайы әшкереленді. Cондай-ақ аталғандардың мүдделерін қорғауды жүзеге асырған адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды деп хабарлайды. Адвокат Мұстахым Төлеев экс-министрдің жұбайынан 460 мың долларды алып, сот органдарының адамдарына пара бермекші болған.
Ресми өкіл айтқандай, тергеу амалдары барысында адвокат қалған ақшаны жұмсап қойған. Адвокат Төлеев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал аса ірі көлемде пара беруге оқталуы бойынша күдікті болып танылған Мұхамедиұлының әйеліне қатысты нақты ақпарат жоқ.
Еске сала кетейік, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі. Отандық БАқ беттеріндегі белгілі мәліметтерге сүйенсек, сотталып кеткен Арыстанбек Мұхамедиұлының айтарлықтай байлығы бар. Ол өзінің сұхбатында Астананың сол жағалауындағы «Дипломат» қонақ үйі мен «Шапағат» базары отбасына тиесілі екенін айтқанды.Тағы басқа орталықтарда Мұхамедиұлының жақындарының үлесі бар. Ал 2000 жылдары елордаға көшіп келгенде әйелі екеуі «Якутские бриллианты» деген дүкен ашқанын да жариялаған болатын. Өздеріңізге мәлім, экс-министр, Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 350 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталып, бас бостандығынан айырылған болатын.