0:00 / 0:00
Елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салып, электронды темекілердің, оның ішінде вейптердің жарнамасын шектеп, осыған байланысты жауапкершілікті күшейту қажет. «Respublica» партиясының мәжілістегі фракция депутаттары Үкіметке осындай талап-ұсыныстарын жолдады. Депутаттарға ата-аналардан мектеп оқушылары мен жастар арасында «вейп» атымен танымал электронды темекілердің жаппай таралуына және қолданылуына тыйым салу туралы өтініштер келіп түскен екен. Депутат Нұргүл Таудың мәліметінше, елімізде бір миллион бала вейп темекісін тұтынады.
«Вейп» электронды темекісі соңғы жылдары тез тарап жатыр. Оны тұтынушылар саны да күрт өсті. Мектеп жасындағы баладан, ересек адамдарға дейін электронды темекіге әуестенген. Депутаттар бұл індет дейді. Денсаулық сақтау саласы сарапшыларының айтуынша электронды темекі құрамында никотин, көмірқышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар сияқты 30-дан астам улы зат бар. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді. Ал бұл темекені тұтынушылар қатарында балалардың үлесі артып жатқаны алаңдатады. Елімізде 1 миллион бала вейп темекесін тартады.
Қазір электронды темекі бұйымдары бақылаусыз сатылуда, жарқыраған жарманасы жүріп жатыр. Бағасы да қолжетімді.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, никотинді тұтынудың электрондық құралдарының нарығы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 292 есеге артты. Электронды темекіге тәуелділік балалар мен жастарды құқық бұзушылық пен қылмыс жасауға итермелейтін факторлардың бірі. Осының салдарынан оқу орындарында оқушылар, студенттер арасында буллинг белең алуда. Тәуелділік құрбаны болған жастар көп жағдайда электрондық темекіге немесе басқа мақсаттарына қол жеткізу үшін қылмысқа барады дейді депутат. Сондай-ақ, елімізде темекі кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады. Себебі темекі адам өміріне қауіпті ауруларды қоздырады. «Respublica» партиясына ата-аналардан электронды темекілердің таралуына және оны қолдануға тиым салу туралы өтініш келіп түскен. Өз кезегінде мәжілісмендер премьер-министр Әлихан Смайыловтан ел ішінде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салып, электронды темекілердің, оның ішінде вейптердің жарнамасын шектеп, осыған байланысты жауапкершілікті күшейтуді талап етті. Депутат таудың келтірген мәліметіне сүйенсек, әлемнің 32 елінде вейптерді сатуға тыйым салынған. Олардың қатарында Дания, Норвегия, Канада, Таиланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Қатар сияқты елдер бар.