0:00 / 0:00
Үкіметтің бүгінгі отырысы көктемнің әлегі -су тасқынына дайындық мәселесіне арналды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің оңтүстік өңірлерінде жағдай қиындап тұрғанын айтты. Су бұру арналарының, арықтардың, қорғаныш жер үйінділерінің болмауынан су астында қалу қаупі төніп отыр. Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында жауын-шашынның көп мөлшеріне дренаждық жүйелердің қуаты жетпеді, кей жерлерде олар мүлдем жоқ. Атырауда қар күрт еріп, көшелерді су басып қалды. Ал бас құтқарушы Юрий Ильин су тасқынына дайындықсыз отырған өңірлерді тізіп шықты.
Әкімдіктердің су тасқынына әзір еместігі туралы 179 ескерту берілді. Әсіресе Павлодар Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары тізім басында тұр. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, әкімдіктер су тасқыны қатерлеріне толық дайын екенін хабарласа да, негізінен су тасқынының алдын алу шараларын ұйымдастыруға азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері тартылады. Су айдау, қапшықтарды төсеу, арықтар мен өзен арналарын тазарту, қар шығару және қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстарын азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар атқарған. Яғни әкімдер құр сөзбен есеп беріп жатыр. Ал министр Ильин су басу аймағында 255 елді мекен тұрғанны айтады.
ЮРИЙ ИЛЬИН – ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ " Су тасқыны қардың көп болуына және топырақ қабатының қатты тоңазуына байланысты ауқымды болатын түрі бар. Су тасқыны жағдайы қолайсыз дамыса, су басу аймағында 255 елді мекен, бұл 127 мыңнан астам үй және 700 мыңнан астам азамат қалуы мүмкін"
Үкімет басшысы облыс әкімдеріне қар шығару жұмыстарын тездетуді тапсырды. Бүгінгі таңда елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды. Дегенмен, бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын күшейтулері қажет деді ол.
Қазгидрометтің болжауына сенсек,наурыз айында еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады. Смайылов әкімдер мен құзырлы орган басшыларына көктемнің әлегін толық дайын болуды тағы еске салды. Бұл мәселені арнайы құрылған үкіметтік комиссия бақылауда ұстамақ.