0:00 / 0:00
Өткен жылы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзған 2 мыңға жуық дерек анықталды. Бұл жайында Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов мәлімдеді. Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 28 авария тіркеліп, салдарынан 32 адам зардап шекті, оның 15-і қайтыс болды.
Аты шулы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында еңбек қауіпсіздігі сақталмайтыны жаңалық емес. Себебі, бұл компанияға тиесілі шахталарда апатты жағдайлар жиі орын алып, адам шығыны тіркелуде. Соңғы апат, былтыр 3 қарашада Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада болды. Кейін бір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. 9 адам зардап шегіп, оның 5-уі қайтыс болды. Осыған ұқсас авария 2021 жылғы қарашада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Абай» шахтасында орын алып, мұнда 9 адам зардап шегіп, оның 6-уы қайтыс болғанды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысы тоқтатылуы мүмкін екені айтылғанды. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылайтын комитет басшысы, аталмыш компанияда қауіпсіздік шаралары сақталмайды, тек өткен жылы 2 мыңға жуық бұзушылық тіркелді дейді.
НЫҒМЕДЖАН МАҚАЖАНОВ – ҚР ТЖМ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ «Өткен жылдың қорытындысы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзған 2 мыңға жуық дерек анықталды. Олардың негізінде жауапты орган тарапынан ескерту жасалып, олқылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Онда талаптарды сәйкестендіру үшін арнайы мерзім белгіленеді. Ол орындалмаған жағдайда айыппұл салынады және заңды тұлғалар жауапқа тартылады»
Мақажановтың айтуынша, еліміз бойынша қазір өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында 10 мыңға жуық өнеркәсіптік кәсіпорын қадағалануда, олардың құрамында 200 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектілер бар. Өткен жылы 28 апат тіркеліп, салдарынан 32 адам зардап шекті. Оның 15-і қайтыс болды. Өкінішке орай, бұл көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 50 пайызға өскен.