0:00 / 0:00
Елімізде 623 мың адам баспана кезегінде тұр. Оның 400 мыңнан астамы әлеуметтік осал топ. Өкінішке орай жыл сайын тұрғын үйге кезекке тұратындар саны 8-10 мың адамға артып жатыр дейді Индустрия вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев. Бүгін сенатта өткен үкімет сағатында қолжетімді баспана мәселесі талқыланған еді.
Қазақстанда баспана басты мәселе. Жылда әкімдіктер сонша отбасын мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үймен қамтыдық деп есеп бергенімен, баспана тақырыбы күн тәртібінен түспей тұр. Бұл көпбалалы отбасылары, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектелу жандар мен жетім балалар. Тіпті Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің ішінде әлі күнге дейін үй алмағандар бар екен. Ал ардагерлердің көпшілігі ғасырлық межеге таяп қалған. Сенатор Серік Шайдаровтың айтуынша, 88 ардагер әлі баспана кезегінде тұр.
Сондай-ақ, жоғары палата депутаттары 2 пайыздық жеңілдетілген несие беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасынан алынып тасталған жалғызбасты аналардың мәселесін көтерді. Вице-министр Дауылбаевтың айтуынша, бұл бағдарламада мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетім балалар шетте қалып қойып жатыр. Сол себепті толық емес отбасы бағдарламадан алынып тасталған.
Отбасы банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимованың мәліметінше, толық емес отбасыларына «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 5 пайызбен несие беріледі. Айтпақшы, әлеуметтік осал топтардың баспанаға кезегін осы Отбасы банкіне беру туралы ұсыныс бар. Бұл мәселе қазір мәжілісте қаралып Тұрғын үй саясатына қатысты заң жобасын енгізілмек.
Сондай-ақ депутаттар, Қазақстанда несиенің жоғары мөлшерлемесі мен ипотекасы қолжетімсіз деп сынады. Мемлекеттік бағдарламаның болуына қарамастан, халық үшін жеке тұрғын үй сатып алу әлі де қолжетімсіз. Мысалы, пайыздық мөлшерлеменің диапазоны "Отбасы банкіндегі" жылдық 3,5-7 пайызға дейін болса, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық бағдарламалары бойынша 19 пайызға дейін және одан жоғары, бұл еліміздің ипотекалық портфелінің 35 пайызынан астамын құрайды деді сенатор Дәурен Әділбеков. Депутаттардың мәліметінше, ипотекалық несие АҚШ-та 3,6 пайыз, Аустралияда 4,9 пайызбен беріледі. Тізе берсек дамыған елдердің баспанаға берілетін жеңілдетілген несиесі санатқа бөлінбей, барлық азаматтар үшін қолжетімді.