0:00 / 0:00
Сенатор Талғат Мұсабаев әуе оқиғаларын тергеуді Төтенше жағдайлар немесе халықаралық компанияларға беруді ұсынды. Депутаттың пікірінше, қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі бұл саланы бақылау мүдделерінде қақтығыс бар. Яғни министрлік өзі тексереді, өзі бақылайды, өзі тергейді. Алайда инфрақұрылымды дамыту министрі Қайырбек Өскенбаев авиациялық апаттарды тексеруді Төтенше жағдайлар министрлігіне беру мәселені шешпейді деді.
Азаматтық авиациядағы әуе оқиғалары мен инциденттерді тергеу жөніндегі мемлекеттік функцияларды Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын тәжірибесіне сәйкес келетін Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына беру қажет дейді сенат депутаты Талғат Мұсабаев. Бұл сенатта дәлелденіп, қолдау тапқан ұстаным бола тұра, Үкімет назарынан тыс қалып отыр-деп сынады сенатор. Әуе оқиғаларын тергеу Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелген.
ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ –ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ «Алайда осы министрлік қарамағында азаматтық авиацияда ұшу қауіпсіздігін сертификаттауды, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті мен авиациялық әкімшілігі жұмыс істейді. Яғни, сол мемлекеттік органның өзі сертификаттайды, өзі бақылайды және қадағалайды және өзін тексереді. Осыдан Үкімет мүдделер қақтығысын көрмей отыр».
Мұсабаеавтың мәліметінше, бұл ИКАО стандарттары мен ұсынылған тәжірибеге тікелей қайшы келеді. Индустрия министрлігі қызметінде тікелей мүдделер қақтығысының туындауынан басқа, авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеудің тәуелсіздігі, объективтілігі, бейтараптығы мен толықтығы зиян шегеді. Сенатор Үкіметтен бұл мәселені қайта зерттеп, шешім қабылдауды талап етті. Ал Индустрия министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, әуе оқиғаларын тергеуді Төтенше жағдайлар министрлігіне беру мәселені шешпейді. Себебі ТЖМ өздері әуе қозғалысының қатысушысы. Оларда Казавиаспас бар, о ұшу аппараттары, ұшақтар мен тікұшақтар бар. Олардың өзі де кейде осы басқарма зерттейтін оқиғалардың қатысушысы дейді министр.
Өскенбаев өз ведомствасында бұл бөлім осы бағытты қадағалайтын вице-министрге де, комитет төрағасына да, авиация әкімшілігіне де бағынбайды, тек министрге тікелей бағынатынын және бұл бөлімге ешкімнің тапсырма беруге құқығы жоғын айтады. Бұл ИКОА талаптары аясында әдейі жасалған көрінеді. Ал сенатор Мұсабаев балама ретінде әуе оқиғаларын тергеуді осы саладағы беделді мамандар мен сарапшылар кіретін ТМД елдерінің Халықаралық авиация комитетіне беруді ұсынды.