0:00 / 0:00
Алдағы 7 жылға Қазақстанның болашағын сеніп тапсыратын президентті таңдау күніне екі күн қалды. 20 қараша күні өтетін Президенттікке сайлауда қазақстандықтар алты кандидаттың біріне дауыс береді немесе қалыс қала алады. Орталық сайлау комиссиясы бұл жолы Қазақстанның үш қаласында кезектен тыс президент сайлауы бойынша дауыс беру уақыты өзгертілгенін хабарлап отыр.
Астана, Алматы, Шымкент қалаларының сайлау комиссияларының шешімі бойынша 86 сайлау учаскесінде дауыс беру бір сағатқа ерте тағы 6:00-де басталады, - дейді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров. Оның ішінде 47 участок азаматтардың уақытша болатын жерлеріндегі учаскелер болып табылады. Сондай-ақ сайлаушылар тарапынан дауыс беру участогіне үй жануарымен баруға бола ма деген сұрақтар түсіп жатыр. Итімен бірге барғысы келетіндердің бұл сұрағы Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің күлкісін келтірді.
Дегенмен, сайлау участоктерінің басым бөлігі мектептерде орналасқандықтан, дауыс беруге үй жануарымен бармаған жөн дейді комиссия мүшесі Мұстафина.
Бүгін түнгі 24:00-де президенттікке кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жүргізуі аяқталады. Ал ертең - тыныштық күні. Жексенбіде яғни 20 қарашада президент сайлауы басталады. Сайлау күні елімізде 10 мыңнан астам участок жұмыс істейді.