0:00 / 0:00
Баяғы жартас, сол жартас. Тағы да қазына қаржысын игермеу фактілері тіркеліп отыр. Бюджетті жоспарлағанда әр сала өзінің қажеттілігін жарыса ұсынып, қазынадан миллиардтарды бөлгізіп алады. Ал енді оны игеруге келгенде созбалаңға салады немесе дұрыс жоспарламайды. Бас қаржыгер Ерұлан Жамаубаев осы жылдың бюджет шығыстарында «әттеген-айлардың» барын айтты. Министрліктер 278 миллиард теңгені игермеген.
Қазына қаржысын игермеу облыстарда да орын алып отыр. Жергілікті бюджеттің шығыстарына қарастырылған 8,1 трлн теңгенің 520 млрд теңгесі атқарылмаған.
Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну сияқты шала жұмыстар. Сондай-ақ, Жамаубаев 10 айдың қортындысында 304 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар да тіркелгенін мәлімдеді.
Бас қаржыгер үкімет басшысына соңғы уақытта мемлекеттік мекемелердің бюджетті атқару бойынша қаржылық құжаттарды айдың соңғы жұмыс күнінде ұсынуды әдетке айнладырғанын айтып шағымданды.