0:00 / 0:00
Мемлекет басшысы «Рақымшылық» туралы заңға қол қойды. Енді қаралы қаңтардағы жаппай тәртіптісіздікке қатысты деп айыпталып жатқандар, қылмысының ауырлығы аз және орташа қылмыстар үшін жазадан босатылады. Жазасын өтегендерден соттылығы алынады. Ауыр қылмыстар үшін - сот тағайындаған мерзімнің төрттен үшіне, ал аса ауыр қылмыстар жасағандардың жартысына қысқарту көзделген. Жалпы қаңтар оқиғасына қатысты 1600 қылмыстық іс қоғалса, соның 1500-і рақымшылыққа ілігеді. Прокурор Әсет Шындалиевтің айтуынша, қазірдің өзінде жазасын өтеп жатқандардың 102-сі рақымшылыққа ілігеді. Ісі сотқа жетпегендерге де бұл жеңілдік бұйыруы мүмкін.
Заң күшіне енгендіктен, уәкілетті органдар алты айдың ішінде рақымшылыққа ілігетіндердің мәселесін жүзеге асыруы керек. Алайда, рақымшылық жасалғанымен, мемлекеттік қызметке келуге, құқық қорғау органдарына жұмысқа тұруға мүмкіндік жоқ.
Бір реттік рақымшылыққа қаңтар трагедиясында террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған, мемлекетке опасыздық жасаған, азаптау, қылмысты қайталанған немесе жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандар ілікпейді.