0:00 / 0:00
Қарашаның 20 күні өтетін президенттік сайлауға түсемін деп ниет білдірген 9 үміткердің үшеуі кандидат ретінде тіркелді. Орталық сайлау комиссиясы "Ауыл" партиясы атынан ұсынылған Жигули Дайрабаевты президенттікке кандидат ретінде ресми түрде тіркеді. Кандидат Дайрабаев 20 өңірден 125 081 азаматтың қолын жинаған. Тексеру барысында 119 975 қол анық деп танылды.Талап бойынша кандидат кем дегенде 118 273 қол жинауы тиіс. Қазақстан Президенттігіне кандидат болып тіркелген Жигули Дайрабаевқа қол жинауға жұбайы көмектесіпті.
Қолына кандидат куәлігін алған ауылдық Жигули Дайрабаев бұл додаға қорқып-үркіп емес, зор үмітпен қатысып жатырмын дейді.
67 жастағы президенттікке үміткер медициналық тексеруден сүрінбей өтіпті. Жигули Дайрабаев жасы келсе де, талай тепсе темір үзетін жас жігіттерге дес бермеймін деп отыр.
Сайлау науқанына екі қолын сыбаны кіріскен үміткер Дайрабаев сайлауалды платформасын дайындап жатқанын да айтты. Оны үгіт-насихаттың уақыты келгенде жарияламақ. Еске сала кетейік, бұған дейін ОСК Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мейрам Қажыкенді президенттікке үміткер ретінде тіркегенді.