0:00 / 0:00
Қарашаның 20-ы күні өтетін Президент сайлауына дайындық қыза бастады. Президент болуға ниеттілерден гөрі, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаушылар басым болып тұр. Сәрсенбінің сәтті күнінде бірнеше ұйым Президент лауазымына Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. «Қазақстан спортшылар одағы», Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Ардагерлер ұйымы» мен «Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі таңнан бері жарыса отырыс өткізіп, Қасым-Жомарт Тоқаевты лайықты деп тапты. Ал өңірлерді аралап, облыстардың экономикалық-әлеуметтік мәселелерімен танысып жүрген мемлекет басшысы капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол берілмейді деді.
Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өткенін мәлімдеді. Бұл жайында Президент Қарағанды облысына сапарында айтты.
Ал сайлау науқанына оралатын болсақ, бүгін екінші болып «Ауыл» партиясы ұсынған үміткер
Жигули Дайрабаев Орталық сайлау комиссиясына президенттікке кандидаттыққа құжаттарын тапсырды. Ауылдық кандидат бұл додаға үлкен үмітпен түсіп отырғанын айтады. Яғни ол үшін бұл жәй саяси ойын емес.
Күні кеше алғашқы болып "Аманат "Қазақстан кәсіподақтар достастығы" одағы ұсынған үміткер Қажыкен Мейрам Орталық сайлау комиссиясына барып, президенттікке кандидат ретінде құжаттарын тапсырғанды. Ал қазіргі Президент үміткер ретінде тіркелуге асығар емес. Ертең бірнеше саяси партияның съезі өтеді деп күтілуде. Содан кейін ғана Қасым-Жомарт Тоқаев қай ұйымнан сайлауға түсетінін мәлімдеуі мүмкін.