0:00 / 0:00
Елде сайлау науқаны жүріп жатыр. Алдағы қарашаның 20 күні қазақстандықтар Президент сайлауында ел басшысын таңдайды. Бірақ елдегі саяси науқанда жалған ақпарат тарату, кибершабуыл жасау күшейіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауы жарияланғалы бері бұл жағдай ушығып тұр дейді. Бұл жайында Президент Абай өңіріне жұмыс сапары барысында айтты. Президент сайлау науқаны кезінде ел мүддесіне кереғар пікір айтатын, тіпті, жалған ақпарат тарататын адамдар пайда болуы мүмкін екенін ескертіп, халықты сақ болуға үндеді. Өздеріңізге мәлім, мемлекеттік техникалық қызмет бірнеше күннен бері қазақстандық интернет сегменіне кибершабуылдар жасалып жатқанын хабарлағанды. Кибершабуылдар еліміздің мемлекеттік органдарына және Қазнеттің инфрақұрылымына жасалған. Соның салдарынан интернет нашарлады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ "Сайлау жарияланған соң түрлі жалған деректер, ақпарат, яғни фейктер таратылып, кибершабуылдар күшейді. Бұл жайдан жай емес. Кейбір күштер шетелден осындай әрекеттерді ұйымдастырып, ел ішіне іріткі салуды көздейді. Олар Қазақстанда оң өзгерістерге кедергі жасағысы келеді. Бірақ біз бағытымыздан таймаймыз"
Айта кетейік Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барған еді. Президент бірден жаңадан құрылған облыста атқарылған жұмыстар көп екенін тілге тиек етті. Семей қаласының тозығы жеткен инфрақұрылымын жаңартуды тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ "Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозған. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті.Сондықтан, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық"
Президенттің айтуынша, Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатқан Абай облысында жол сапасына көңіл бөлу керек. Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісі салынбақ. Облыста "құрғақ порт", "логистикалық парк" салып, көлік дәлізін дамыту жұмысы тұр. Облыстың мектептерінде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Бұл проблеманы шешу үшін өңірде 11 мектеп және 14 балабақша салынады. Ал Абай облысының жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлінетін болды.