0:00 / 0:00
Мемлекеттің экономикаға тым көп қатысуы жекеменшік кәсіпкерлікті дамытуға үлкен кедергі келтіреді. «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттары бизнестің мүддесі қорғалмай жатқаны жайында талай сауал көтерді. Бұл жолы ақжолдықтар квазимемлекеттік компаниялардың мәселесін көтерді. Депутат Раманқұлов Үкімет басшысынан ұлттық компаниялардың экономикалық нәтижесіне аудит жүргізуді талап етті. Жылдан -жылға шығынға батып отырған квазимемлекеттік компаниялар өздеріне бонус пен сыйақы жаздыруда аянып қалып жатқан жоқ дейді депутат.
МАҚСАТ РАМАНҚҰЛОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «Мемлекеттік компаниялар жылдан-жылға шығынға ұшырайды. Сөйте тұра өздеріне бонустар мен сыйақы жаздырады. Жекеменшік бизнесте мұндайларды жұмыстан қуады. Квазисектордың жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 60 пайызды құрайды. Алайда Парламент осы 60 пайызды көрмей отыр, яғни қоғамнан жасырылған»
Мысалы, Қазатомпромның күн батареяларын өндіру жобасына қазынадан 88 млрд теңге құйылып, оны жекенің қолына 1,3 млрд теңгеге бере салды. Осылайша «Қазатомпром» бұл келісімде 86 млрд теңгеге шығынға ұшырап отыр. Бұл орайда компания басшылығы қандай шешім қабылдайды? Әдеттегідей өздеріне, көзжақсыларына бонустар төлейді дейді депутат. 2019-2021 жылдары Қазатомпромның басшылығы 4 млрд теңге көлемінде сыйақы алған. Бұл депутаттардың қолына жеткен мәліметтер. Ал қаншама шешім жасырын жүргізіліп жатқанын ескерсек, мемлекеттік компаниялар қазынаны тонап, жекеменшік бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр – дейді мәжілісмен.