0:00 / 0:00
Қылмыс әлемінде адам саудасына қатысты істер анықталып жатыр. Ішкі істер министрлігі өткізген «STOP трафик» операциясы барысында адам саудасына байланысты 20-дан астам қылмыс анықтады. Оның ішінде адамды ұрлап, жұмысқа салу, адам саудасы, кәмелет жасқа толмағандарды жезөкшелікке мәжбүрлеу фактілері бар. Еліміздің оңтүстік өңірінде жезөкшелікке арналған 20-дан астам притон анықталып, қылмыстық іс қозғалды.
Кәмелет жасқа толмағандарды әлеуметтік желі арқылы жұмыс береміз деп алдап-арбап шақырып, алып, жезөкшелікке мәжбүрлеген.
Адам саудасы, кәмелет жасқа толмағандарды жезөкшелікке тарту бойынша ұйымдасқан топ құрған күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше, адам саудасының құрбаны болғандардың 70 пайызын әйелдер құрайды екен. Бұл әлемді алаңдатып отырған үлкен проблема. Қазақстандық азаматтардың да адам саудасының құрбаны болып жатқанын жиі еститін болдық. Соңғы кезде балаларды ұрлау фактісі де жиілеген. Тек әйелдер мен балалар ғана емес, еңгезердей еркектердің де ұрланып жатады. Көп жағдайда хабар-ошарсыз кетті дегендер осындай қылмыстың құрбаны болмасына кепіл жоқ. Әлемде жыл сайын шамамен 2,5 миллиондай адам саудасы қылмысының құрбаны болады. Біреудің тағдыры басқалар үшін бизнеске айналған. Миллиондап, тіпті миллиардтап пайда тауып отырғандар да бар.