2018 жылдан бастап №3 қалалық емхана қағазбастылықтан бас тартып, электронды түрде жұмысын бастайды. Яғни, аталмыш емханаға қаралатын науқастар ұзын сонар кезекте тұрып, қағаз түріндегі амбулаторлық картасын күтпей, бірден электронды сервис арқылы дәрігердің қабылдауында бола алады. Дәрігерлердің сөзінше, аталмыш электронды амбулаторлық карта қазіргі таңда орын алуы мүмкін кейбір олқылықтарды болдырмайтын көрінеді. Азаматтар емхана қабырғасында қалдырған құжаттарын жоғалтып алатын жайттар да кездесіп тұратындығы жасырын емес. Сондай-ақ, кейбір азаматтар ем-дом шаралары мен денсаулығы туралы жазылған құжатты дәрігерлердің рұқсатынсыз өзімен бірге алып кететін жағдайаттар да кездесіп отыратындығы мәлім. Ал, шаһарымыздың өзге емханалары 2019 жылдан бастап бұл жаңашылдыққа көшеді деп жоспарлануда. Бұл бастама Елбасының 2017 жылдың 31 қаңтарында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауының және "Денсаулық" бағдарламасының аясында жүзеге асып жатқан пилоттық жобаның аясында іске аспақ.