0:00 / 0:00
Әлем болып қауіпті індетпен күресіп, пандемия кезеңінде қыруар қаржы жұмсалды. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше пандемия кезінде 900 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бүгін өткен брифингте коронавирус пандемиясына жұмсалған қаржы көлемін жариялады. Пандемия басталған 2020 жылы бюджеттен 252 миллиард теңге, 2021 жылы 556 миллиард теңге жұмсалса, ал 2022 жылы 86 млрд теңге бөлінген.
Еліміздің бас дәрігері Ажар Ғиният карантиндік шаралар алынып тасталғанымен, коронавирустың "стелс-омикрон" штамы тарап жатқанын айтты. Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін "стелс-омикрон" 12 аймақта тіркелген. Министрдің айтуынша, инфекцияның бұл түрі дельта штамға қарағанда жеңіл өтеді. Бірақ оның да қаупі бар, себебі жылдам таралады. Коронавирусты екінші рет жұқтыруға әкеліп соғады. Дегенмен, бұл штам карантиндік шараларды қажет етпейді. Сондықтан ешқандай шектеулер жоқ - дейді ол. Әлемді алаңдатқан пандемия кезінде қазынадан шыққан қаржы көлемі де қомақты болды. Қазақстанның денсаулық сақтау саласы пандемияға 900 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсаған.
Министр ханымның мәлімдеуінше аталған қаржы дәрі-дәрмекке, медициналық құралдар мен техника сатып алуға, дәрігерлерге төленген үстемеақыға жұмсалды. Оның ішінде іс-сапарлар да бар. Жалпы Қазақстанда медициналық сақтандыру қорына қаржы аударып отырғандар тегін дәрігрелік көмекке жүгіне алады. Әрине жұмыс істеп жүргендерде мұндай мүмкіндік бар. Кәсіпкерлер өзі аударып отыруы керек. Өкінішке орай еліміздегі тегін медициналық қызмет халықтың көңілінен шыға бермейді. Сапасыз тегін медициналық көмекке риза болмағандар, ақылы түріне жүгінуге мәжбүр. Ал жұмыссыз жүргендер медициналық сақтандырудан құр қалып отырғандықтан, тегін көмекке зәру. Бүгінде 3 миллион қазақстандық міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қызметін қолдана алмай отыр. Бұл ел халқының 16,5 пайызы.
АЖАР ҒИНИЯТ – ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ «Бүгінде 3 миллиондай қазақстандық медициналық сақтандырылмаған. Халықтың 40 пайызы міндетті медициналық сақтандыру қоры жүйесіне қатысуы керек. Енді оларды тарту үшін заңға өзгеріс енгіземіз. Бір жылға алдын-ала төлем жасауы керек. Сонда жыл бойы тегін медициналық көмек алатын болады.»
Тегін медицинаның қызметін алатындар қандай да бір дәрігерге баруы үшін, алдымен терапевтен жолдама алып, қажетті маманға жазылып, кезегін айға жуық күтеді. Бұл науқастың уақытын алып, ауруының ушығуын әкеп соғуы мүмкін. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тегін УЗИ, компьтерлік томография жасату қызметтері де кірген. Алайда, оның өзін күтуге тура келеді. Амалы таусылған науқас тағы да ақылы қызмет түріне жүгінеді.