0:00 / 0:00
Бас Прокуратура елде орын алған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұсталғандарды азаптау, өлтіру және оларға қатысты билік өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша 16 қылмыстық іс ашылғанын хабарлап отыр. Бұған дейін адам құқықтарын қорғау уәкілі ұсталғандардың ішінде кінәсі жоқ азаматтарға қатысты заңсыздық орын алмау барысын бақылауға кіріскен еді. Прокуратураның мәліметінше, қаңтар трагедиясы бойынша 819 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Оның ішінде 44 іс – терроризм бойынша, 36 іс – жаппай тәртіпсіздік, 15 - адам өлтіру бабы бойынша ашылған. Сондай-ақ, ұрлық, тонау, қаруды жымқыру, билік өкіліне күш қолдану және тағы басқа қылмыстар бойынша істер тіркелген. Ал өз кезегінде ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлерінің әс-әрекетіне қатысты шағымдар түсіп жатқанын айтады.
Қаралы қаңтар оқиғасына қатысы бар деп ұсталғандардың ішінде бейбіт тұрғындар да бар. Мұны құқық қорғау органдары растап отыр. Ал қазір әлеуметтік желіде ұсталған азаматтарға қатысты полиция тарапынан заңсыздықтар орын алып жатқаны жайында шағымдар көбейген. Бас прокуратура жаппай тәртіпсіздіктер кезінде заңсыз ұсталғандардың бар екенін, полицейлер тарапынан оларға қатысты азаптау болғанын растап отыр. Азаматтарды азаптау мен құқықтарын бұзуға қатысты 91 шағым түссе, оның 19 –ы расталмады, 51 шағым бойынша тергеу жүріп жатыр.Прокурорлар Алматыдағы уақытша қамау изоляторын тексерген кезде дене жарақаты бар, оқ жарақаты бар адамдарды анықтап, аурухана жатқызылған.
Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі де полицейлер тарапынан жол беріліп жатқан заңсыздықты жоққа шығара алмады. Ресми өкіл Нұрділдә Ораз полиция қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қандай шағымдар түскенін мәлімдеді.Азаматтарды ұстау және жеткізу бойынша 46 факті, оның ішінде ұсталған туыстарын іздеуге 18 өтініш түсті. Ішкі істер министрлігі азаматтарымызға қатысты дене күшін қолдану фактілеріне қатаң әрекет етуде. Әрбір факті полиция ғимараттары мен қоғамдық орындарда орнатылған бейнекамераларды талдау арқылы мұқият зерделенеді деп сендіреді ресми өкіл.
Дегенмен, полиция тарапынан текактіге қатысты барларды, заңсыз қару-жарақ ұстағандарды анықтау жұмыстарын жалғастыра бермек. Ол үшін жалдамалы пәтерлерді, саяжайларды тексеру күшейтілген.