0:00 / 0:00
Қазақстанда орман шаруашылығымен айналысатын инспектор тапшы. Оған қоса олардың еңбекақысы өте төмен. 70 мың теңге айлыққа ешкім келгісі келмейді дейді депутат Ақылбек Күрішбаев. Сенаттың жалпы отырысында сенатор Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, орман шаруашылығын дамыту, экологиялық мәдениетті сақтау, орман шаруашылығын қажетті техникамен қамтамасыз етіп, инспекторлардың жалқысын көтеруді сұрады.
Әлемде соңғы он жылда орман алқаптарының көлемі 10 пайызға азайған. Оған орман өрттері, адамдардың заңсыз әрекеті әсер етуде. Экология министрлігінің дерегінше ағымдағы жылы елде 10 мың текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесудің 224 жағдайы анықталған, оның шығыны 153 млн теңгені құрады. Қазақстанда ормандардың үлесі 4,8 құрайды. Ал орманды сақтау және қорғау, сондай-ақ, орман көшеттерін көбейту мәселесі біздің елде кенже қалып отыр дейді сенатор Күрішбаев. Орман шаруашылығын дамытуға бірінші кезекте кадр тапшылығы кедергі болып отыр. 30 млн гектар жерді алып жатқан орман алқабын бақылайтын 147 инспектор ғана бар. Оған қоса орманшылардың еңбекақысы өте төмен.
Сондай-ақ, орман шарушалығына қажетті техникалық жабдықтар да жектіліксіз.
Өрттің салдарынан орман алқаптарын көп жоғалтамыз, сондықтан әр орман шаруашылығында оны ерте анықтау үшін өртпен күресудің заманауи технологиялық жүйесін қалыптастыру керек дейді депутат. Сенатор Күрішбаевты жаңа жыл мерекесі қарсаңында саудасы қызатын жасыл шыршалар мәселесі алаңдатады. Ірі сауда орындарының алдында, базарларда кесілген шыршаларды сату қызи түседі. Қазақстанда орман ағаштарының мұндай түрлерін кесіп, сатуға тиым салынған.Ол үшін айыппұл да қарастырылған. Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бізде сатылып жатқан шыршалар Ресейден импортталады екен. Көрші елден алып келіп, ресми тіркелген шыршалардың саны 78 мыңды құрайды. Ал Экология министрлігінің берген ақпаратында - 106 мың дана. Бұл жерде «импорттық өнім» деп, заңсыз кесілген өзіміздің шыршалар сатылып жатқан жоқ па? – деп күмәнданады сенатор. Үкіметке жолдаған сауалының соңында депутат қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін көтеру үшін, мектепте экология пәнін кеңінен оқытуды ұсынды.