0:00 / 0:00
Кеше ғана, Парламент Мәжілісінде Бекболат Тілеухан депутаттық мандатын тапсырып кетсе, бүгін сенатор Нұрлан Қылышбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Осы жылдағы Парламент Сенатының соңғы жалпы отырысында әріптестері Қылышбаевты шығарып салды. 5 жылдан аса сенат депутаты болған Нұрлан Қылышбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты өз еркімен кетуге өтініш берген. Алайда, экс-сенатор қандай қызметке баратынын ашып айтпады.
Күні кеше экс-депутат Бекболат Тілеухан жайлы орнынан бас тартып, мәжілістен кеткен болатын. Мәлім болғандай, ол Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалған. Ал бүгін сенаттың осы жылдағы соңғы жалпы отырысында да тағы бір депутаттың кететіні мәлім болды.
Алматы облысынан сайланған депутат ретінде Нұрлан Қылышбаев Сенатта бес жылдан астам уақыт отырды. Қылышбаевқа сабырлы сенаторлар жаңа қызметінде сәттілік тілеп, шығарып салды.
Алайда, депутаттық мандатын тапсырған Нұрлан Қылышбаев енді қай салаға барып қызмет ететіні жайында ауыз ашпады. Жылдар бойы отырған сенатор креслосын тапсырған ол Парламенттен асығыс кетіп қалды.
Еске сала кетейік, Қылышбаевтың сенатор болып тұрғандағы соңғы сауалдарының бірі-БЖЗҚ –на қатысты болған еді. Ол кезде экс-депутат халықтың зейнетақы қорына деген сенімі жоғын айтып, Үкіметтен зейнетақы қорындағы жинақтың шекті көлемін өзгертуді талап еткен еді. Енді орны босап қалған сенторлық креслоға Алматы облысының маслихаты басқа депутатын сайлап жібереді. Жалпы Сенат депутаттығына 6 жылға сайланады.