0:00 / 0:00
Бекболат Тілеухан өз еркімен депутаттықтан бас тартты. Бүгін Мәжілістің 2021 жылдағы соңғы жалпы отырысында Бекболат Тілеуханның депутаттық мандатын тоқтату туралы шешім қабылданды. Мәлім болғандай, ол Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалған. Енді сол қызметті атқармақшы. Мәжілістегі әріптестерімен қоштасып шыққан Тілеуханды дәлізде журналистер қарсы алды. Осы сәттен экс-депутатқа тілшілердің сұрақтары ұнамай қалып, аяғы жанжалға ұласты.
Осылайша 3 шақырылымда яғни 15 жыл бойы депутат болған Бекболат Тілеуханның мандаты тоқтатылды. Бұл шешімді ол өзі қабылдапты. Денсаулығына қатысты демалып, кешенді ем алмақшы. Сондай-ақ, Тілеуханды жаңа қызмет күтіп тұр. Оған Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Ердоған мырзадан ұсыныс түскен екен. Дегенмен, экс-депутат NurOtanға қызмет етуден бас тартпайтынын айтты.
Одан әрі тілшілерді Бекболат Тілеуханның көп әйел алуға қатысты пікірі қызықтырды. Себебі, Қазақстанда бірнеше әйел алуға заңмен шектеу бар. Алайда, Тілеухан өзінің көп әйелі барын, жалпы 15 бала тәрбиелеп отырғанын жасырмайды. Журналситер «NurOtan» партиясының осыған қатысты көзқарасы қалай деген сұрағы ұнамай қалды ма? Экс-депутат лифтіге кіріп кетті. Ал сұрағын нақтылағысы келген тілшіні Тілеухан мырза лифтіден шығарып жіберуге тырысты.
Онымен лифтіде бірге кеткен журналист Коскинаның айтуынша, экс-мәжілісменнің тарапынан қоқан-лоқылық көрсетілген.
АЙНҰР КОСКИНА – ЖУРНАЛИСТ «Лифтіде ол менің қолымдағы ұялы телефонымды жұлып алғысы келді. нәтижесінде телефонның штативі сынып қалды. Телефоныма жармасып жатқанда, қолы менің шекеме қатты тиді. Қолы қатты тигені сондай, тіпті штатив сынып кетті.»
Журналист Айнұр Коскина Бекболат Тілеуханның осы әрекетінен соң, Парламентке полиция шақыртты. Тілші полицияға журналистің жұмысына кедергі келтірді деген бап бойынша Бекболат Тілеуханға қатысты шағым қалдырдым дейді. Сондай-ақ, сот медициналық сараптама жасатқан. Ал экс-депутат Парламенттен полиция келмей тұрып, кетіп қалған болатын. Еске сала кетейік, бұған Бекболат Тілеухан басқа да тілшілермен талай келіспей қалып, жанжал орын алып, қоғамның сынына қалғанды.