0:00 / 0:00
Жүктілік бойынша декреттік демалысқа шыққан бір топ журналист әйел 11 ай бойы декретін толық ала алмай, министрліктердің табалдырығын тоздырдық дейді. Бүгін елордада ақпарат министрлігінің алдына жиналған наразы топ, өздеріне тиесілі әлеуметтік төлемді қайта есептеп, толық төлеуді талап етті.
Нұр-Сұлтанның қақаған аязында балаларын құшақтап, ақпарат министрлігіне келген әйелдер қауымы наразылық акциясын өткізуге жиналды. Күн суық болғасын баламен келген аналардан ұялды ма министрлік өкілдері оларды ішке кіргізіп, арыз-талаптарын тыңдады. Жалпы 20 шақты журналист әйел тиесілі декреттік төлемді толық ала алмай жүр. Пандемия басталған кезде алты ай бойы БАҚ өкілдеріне еңбекақысы толық төленіп, әлеуметтік төлемдер мен салық ұсталмаған болатын. Осылайша, айлығын толық алған мына журналистер жүктілік бойынша декреттік демалысқа шығып, мемлекеттің тиесілі әлеуметтік төлемін аларда, оның қысқарып қалғанын аңғарған. Яғни, пандемия кезіндегі салық, әлеуметтік төлемдер декретімізден ұсталып қалған дейді олар. Декреттік төлемін 300 мыңнан бастап, 700 мың теңге дейін толық алмағандар бар.
Баламен декреттік демалыста отырған аналар 11 ай құзырлы министрліктердің табалдырығын тоздырған. Алайда, мардымды жауап болмаған.
Журналистердің бұл талабы ақпарат министрі Аида Балаеваның да құлағына жетіп, жыл соңына дейін шешіледі деп уәде берген екен. Бірақ, жылдың аяқталуына екі-үш күн қалды, шешілген ештеңе жоқ. Наразы топ министрге арыз-талабын тағы да айта келді. Оларың алдына министрдің өзі шықпады, ақпарат комитеті басшысының орынбасары келіп, декреттік төлемдеріңізді толық өтеу мәселесі келесі жылдың бірінші тоқсанында шешілуі мүмкін. Ал төлемді қайта есептеу мәселесін де қарастырамыз деген таудай уәдесін беріп кетті.
Мұндай акция Алматы қаласында да орын алды.