0:00 / 0:00
Ауыл шаруашылық министрі өзінің отставкаға кетуін талап еткен шаруалармен келісімге келіпті. Бұл жайында ол журналистермен өткен баспасөз маслихатында айтты. Министр Ербол Қарашөкеев жұттан малы қырылған шаруаларға көмектесетінін айтып, анту ішкен сияқты. Сондай-ақ, брифинг барысында мәлім болғандай, Ауыл шаруашылық министрлігі елорданың оң жағалауынан сол жағалауына көшетін болыпты. Министрліктің жаңа қонысына бюджеттен 3,5 млрд теңге жұмсалмақ. Министр басқа да министрліктерге жақын болу үшін осындай шешім қабылдадық деп отыр.
Ауыл шаруашылық саласы биыл көп қиындыққа тап болды. Еліміздің бірнеше өңірінде орын алған қуаңшылық жаппай малдың қырылуына, жем-шөптің тапшылығына әкеліп соқты. Әсіресе Маңғыстау аймағына ауыр тиді. Облыста мыңдаған малы қырылған шаруалар жер сипап қалды. Жаздан бері өңірде жағдай әлі тұрақталмай отыр. Үкіметтің берген көмегі мардымсыз болып қалды. Шаруалар малын сақтап қалу үшін әлі де көмек керек дейді. Егер қаражат бөлінбесе, қолында бар малымыз қырылып қалады деп алаңдауда олар. Өздеріңізге мәлім, шаруалар Маңғыстау облысында ТЖ жариялауды, аулы шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеевтің отставкаға кетуін да талап еткен еді. Министр болса, өзінің жылы орнын талап еткен шаруларамен кездесіп, келісімге келіпті.
Сондай-ақ, елорданың оң жағалауында отырған ауыл шаруашылық министрлігі елден қалмай сол жағалауға көшетін болыпты. Ведомтсвоны Ақорда мен Парламентке жақын орналасқан министрлер үйіне көшіру үшін қазынадан 3,5 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. АШМ министрлер үйінің 3 кіреберсіне қоныстанып, 4,5 мың шаршы метрді құрайтын аймаққа жайғаспақ. Тілшілерді өңірде мал қырылып, шаруалар көмек сұрап жатқанда, министрліктің ғимарат ауыстырып, оған осыша қыруар қаржы жұмсауының қандай қажеттігі туып отыр деген сұрақ мазалады.
ЕРБОЛ ҚАРАШӨКЕЕВ –ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРІ Бұл қаражат басқа бағдарлама арқылы жұмсалады, ауыл шаруашылық саласын қаржыландыруға арналған бағдарламаға әсер етпейді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылық министрлігіндегі жемқорлық мәселесі де сөз болды. Соңғы бес жылда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға екі триллион теңге бөлінді. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі бұл салаға тескеру жүргізіп, нәтижесінде 54 іс тергеуде. Алдын ала мәлімет бойынша, қазынаға келтірілген шығын көлемі 2,6 млрд теңгені құрап отыр. Министр Қарашөкеев, енді субсидия бөлу көлемі азайып, оны қадағалау жұмысы күшейтіледі. Шаруалар алған субсидиясының тиімді жұмсалғанын дәлелдеуі керек болады.