0:00 / 0:00
Сенат 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетке бірқатар өзгеріс енгізіп, мәжіліске кері қайтарды. Үш жылдық бюджет шығыстарының басым бөлігі - 26,7 триллион теңге әлеуметтік салаға тиесілі. Соның ішінде 2022 жылға – 8,0 триллион теңге. Ол биылғы жылдан 643,0 миллиард теңгеге артық. 2024 жылға дейін тағы 10 процентке ұлғаяды.Алдағы үш жылда білім және ғылым жүйесін дамытуға 7 триллион теңге қарастырылған. Мәдениет пен спортты дамытуға 412,0 миллиард теңге бөлінеді. Ал 3,5 триллион теңге жеке инвестициялар тартуға, жолдарды салу, жөндеуге, ауылды ауыз сумен қамтуға, көпбалалы отбасыларын баспанамен қамтамасыз етуге, газ тасымалын дамыту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, цифрландыру саласына жұмсалмақ.
Асқар Мамин бастаған министрлер кабинеті үш жылдық бюджет жобасын сенаторлар алдында қорғап шықты. Сонымен үкіметтің алдағы үш жылға арналған бюджетінің жалпы шығыс көзі 47 триллион теңгеден асып жығылады. Оның 26,7 трлн теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған. Бұл шығыстардың ішінде ұлттық жобаларды жүзеге асыру шаралары да бар. Ал мемлекеттің қорғаныс пен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық тәртібін қорғауға, дағдарысты жағдайларда халықты қорғауға 4,5 триллион теңге қарастырылған. Өз кезегінде сенаторлар мәжілістен жеткен басты қаржы құжатын май шаммен қарап, бірқатар өзгерістерді енгізді. Оның ішінде автожолдарды салу, жөндеу шығыстары, газбен жабдықтауға бөлінген қаражат, жеке тұрғын-үй инфрақұрылымын салуға бөлінген қаржы көзі артты. Бұдан бөлек, функцияларды беруге байланысты мемлекеттік органдар арасындағы қаражат қайта бөлінді, сондай-ақ депутаттардың басқа ұсыныстары да қолдау тапты. Осылайша, алдағы үш жылдық бюджеттің шығыстарды 86 миллиард теңгеге ұлғайтылды.
Аталмыш заң жобасына сенат бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды. Одан әрі төменгі палата бұл өзгерістерді қабылдап, құжат Президенттің қол қоюына жіберіледі. Дегенмен, үкімет елдегі қымбатшылыққа тойтарыс бере алмай отыр. Енді алдағы үш жылдық бюджет елдің әл-ауқатын жақсартады деп сенідерді. Ал еліміздің бас банкирі Ерболат Досаевтың амбициясы инфляция деңгейін 3-4 пайызға дейін төмендету. Ол үшін импортқа тәуелділіктен арылу керек.
ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ – ҚР ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ «Жылдан жылға қайталанатын қателік –импортқа тәуелділік. Экономиканың төмендеуіне әкеп соғады. Сондықтан мемлекет басшысы қойған тапсырма бойынша амбициялық жоспарымыз 2025 жылға дейін инфляция деңгейін 3-4 пайызға төмендету. Ол үшін ауыл шаруашылық саласын дамытып, сала өнімдерінің көлемін арттыру. Импортқа тәуелділіктен арылу. Қазір тек Ресейдің импорты 41 пайызды құрап отыр».
Халықтың қалтасын қағып отырған қымбатшылықты министрлер де сезініп отырмыз деп ақталады. Мысалы, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев азық-түлікке айына шамамен 200 мың теңге жұмсаймыз дейді. Көпбалалы әке қарапайым отбасы сияқты өмір сүреміз, бір айға 50 мың теңге жетпейді деп отыр.
Ал бұған дейін ұлттық экономкиа министрі Әсет Ерғалиев айына отбасы азық-түлікке 50 мың теңге жұмсайды деп мәлімдесе, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин отбасының айлық шығыны 500 мың теңгені құрайтынын айтқанды. Осыған қарағанда экономика министрі атына заты сай үнемшіл болып тұр-ау. Ал бас құтқарушы жақсы тамақтанатын сияқты.