0:00 / 0:00
Қазақстандағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы қауіпсіздік мәселесі бақылаусыз қалып отыр. Сенаторлар Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының жұмысын қатаң бақылауды ұсынды. Сергей Ершов бастаған депутаттық топ Премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Олар өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді жария етті. Сенаторлар еліміздің өнеркәсіп кәсіпорындарында апаттардың орын алуы артып жатыр деді.
Сенаторлардың үкіметке сауал жолдауына 7 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының «Абай» шахтасында орын алған апат себеп болып отыр. Өткенді еске алсақ, «Абай» шахтасындағы ең ірі апат 2008 жылы орын алып, 30 адам қайтыс болған еді. 14 кенші жарақат алды. Ал 2017 жылы орын алған «Қазақстан» шахтасындағы апатта 3 шахтер қаза болғаны есімізде. Енді міне жақында тағы да қайғылы жағдай орын алды. «Абай»шахтасындағы апатта 6 кенші қаза тапты, екеуі зардап шекті.Бір өкініштісі кәсіпорында апатты жағдайлар жиі орын алуда. «Арселлор Миттал» компаниясы Қарағанды өңіріне келгелі 198 кенші қаза тапты, шахтерлардың көбі мүгедек болып қалды. Компания шахталарды алғанда 20 пайызға тозығы жеткен болса, қазір бұл көрсеткіш 70 пайызды құрайды. Яғни жер асты байлығын қазып алып, пайдаға белшеден бата отырып, өндірістегі қауіпсіздік шарасын сақтамауда.
СЕРГЕЙ ЕРШОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ «Соңғы 10 жылда «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық компаниясының барлық бөлімшесінде апат саны көбейіп барады. Осы уақыт ішінде компанияның көмір шахталарында 23 апат болды, одан 41 адам зардап шекті, оның 19-ы қаза болды. Бұл 2006 және 2008 жылдардағы екі ірі апатты есептемегендегі жағдай, онда 71 шахтер қаза тапқан болатын»
Сенатор Ершов өнеркәсіптегі қауіпсіздіктің жай-күйін жақсарту үшін қазіргі кезде осы кәсіпорында да, бүкіл мемлекет ауқымында да үкіметтік деңгейде шаралар қабылдау керек дейді. Ал Арселлор компаниясы инвестициялық міндеттемелерді орындамай, қызметкерлерге тиісті әлеуметтік кепілдік бермей, жабдықтарды жаңғыртпай отыр дейді. Ал бұл өндірістен білікті кадрлардың кетуіне әкеп соғуда.
СЕРГЕЙ ЕРШОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ «Жоғарыда аталған проблемаларды шешпеу, Арселлордың ресурстарының азаюына, оның потенциалының төмендеуіне, сол өңірдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайдың нашарлауына әкеп соғады»
Депутаттар Үкіметтен «Арселордың» мәселесін жеке қарауды сұрады. Сондай-ақ қауіпті өндіріс объектілерінде өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нақты және жүйелі шараларды, қызметкерлердің әлеуметтік ахуалы мен өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде Арселормен инвестициялық келісімді қайта қарауды ұсынды.