0:00 / 0:00
Сенаторлар Қазақстанның трансплантология қызметін сынға алды. Депутат Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жылына 270-ке жуық қазақстандық донордың органына жете алмай қайтыс болады. Себебі, елде донорлық органдар тапшы. Ал трансплантология қызметі бұл орайда жұмысын бір жүйеге қоя алмай отыр. Денсаулық сақтау министрлігі трансплантация үйлестірушілерінің, білім беру биоэтикасының және органдардың донорлығы саласындағы қоғамды ақпараттандыруды жұмысын жүргізе алмауда дейді сенатор. Әлназарова Үкіметке жолдаған сауалында Премьер-министр Асқар Маминнен елімізде толыққанды трансплантология қызметін қалыптастыру үшін қажетті жағдай жасауды талап етті.
«Донор керек!» Әлемде жыл сайын 115 мыңнан астам орган трансплантациясы жасалады. Оның 50 пайызы қайтыс болған донорлардан алынған органдар. Медицина дамыған заманда, адам өмірін сақтап қалу үшін қолданылып жатқан шаралар науқастардың ұзақ жылдар бойы өмір сүруіне мүмкіндік береді.Сондай-ақ, бұл емдеудің жалғыз жолы болып жатады. Ал Қазақстанда жылына 270-ке жуық пациент донордың органына жете алмай қайтыс болады.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА – ҚАР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ «Егер 2016 жылға дейін жылына 300 операция жасалса, 2020-2021 жылдары - жыл сайын 100-ден аса жасалды, бұл жеткіліксіз.Республика бойынша 3365 адам, оның ішінде 105 бала трансплантациялау үшін бірыңғай кезекте тұр. Олардың көпшілігі жас және еңбекке қабілетті адамдар. Қажет органды күте алмай жылына осы тізімдегі 270-ке жуық адам қайтыс болады».
Сенатордың мәліметінше, соңғы 9 жылда Қазақстанда екі мыңнан астам орган трансплантациясы жасалды. Оның 95 пайызы туысқан донордан, бес пайызы орган донорлары есебінен. Соның ішінде балаларға барлығы 118 бүйрек трансплантациясы жасалды. Бір жастан сегіз жасқа дейінгі 102 жас пациент әлі де диализдік терапияда донор органын күтуде. Елде донор тьабылмағандықтан шарасыз ата-аналар шетелдік клиникалардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Айта кету керек мұндай операция республикалық бюджеттен төленеді. Ал өткен жылдан бері бұл елдер шетелдік науқастарды қабылдауды тоқтатты. Елде донорға зәру болып отырған науқастардың өмірін сақтап қалуға трансплантология қызметіндегі жүйесіздік кедергі болып отыр дейді депутат.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА – ҚАР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ "Бүгінгі таңда халықтың осы көмек түріне деген жоғары сұранысын, сондай-ақ заманауи технологияларды меңгерген жоғары білікті мамандардың болуын ескере отырып, біз донорлықтың тиімді жүйесін құра алмай, адамдардан айырылып қала беретін жағдайдамыз. Өкінішке орай, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылардың, трансплантация үйлестірушілерінің, білім беру биоэтикасының және органдардың донорлығы саласындағы қоғамды ақпараттандыру жұмысы жеткіліксіз»
Айта кету керек, Қазақстанда өлгеннен соң органдарын донорлыққа пайдалануға болатындығы туралы өтініш беруге болады. Егер адам аяқ асты қаза болса, оның миы өлсе, оның органдары донор күтіп жатқан науқастарға қолданылады. Бұл жағдайда өлген адамның туыстарынан рұқсат сұрамайды. Ал егер де адам тірі кезінде органдарын қолдануға ешбір өтініш қалдырмаса, дәрігерлер оның туыстарынан рұқсат сұрайды.Алайда, Қазақстанда көзі тірісінде «қаза болған соң органдарын алуға» өтініш қалдырып жатқандар баршылық деп айту қиын.