0:00 / 0:00
Жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында осындай ұсынысын алға тартты. Депутаттың айтуынша, жылда бөлінетін мемлекеттік гранттардан ауыл балалары қалыс қалып жатыр. Оған ауыл мектептеріндегі білім беру сапасының төмендігі себеп. Депутат грант бөлерде әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылардың балаларына грант беру аясын кеңейтіп, ауыл квотасын 50 пайызға арттыру керек дейді. Бұл жайында Парламент Сенатының жалпы отырысында айтылды. Айтпақшы пандемия кезінде оқшауланып қалған Парламент Сенаты бүгін БАҚ-на есігін айқара ашты.
Бір жыл, жеті ай Парламенттің есігін ашпаған журналистер қауымы Сенаттың бүгінгі жалпы отырысына тойға келгендей келді. Парламент ғимаратына вакцина паспорты бар жасылдар ғана кірігізілді. Сенат отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев үкіметке жоғары білім беруге бөлінетін мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесін түбегейлі өзгертуді ұсынды.Биыл республикалық бюджеттен жоғарғы білім беру гранттарына 310 млрд теңге бөлінді. Грант талапкердің ҰБТ-дан жинаған балына қарай беріледі. Әлеуметтік осал топтардың әр түрлі санаттарына сәйкес квота небәрі 0,5 пайызды ғана құрайды. Сенатор бұл тым төмен көрсеткіш дейді.
Сенатор білім беру гранттары мен стипендияларды тестілеу нәтижелері мен үлгерімі негізінде ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн дейді. Бұл аз қамтылған отбасылардан шыққан жастарды қолдауға ауадай қажет. Депутат бұл орайда дамыған елдердегі университеттердің тәжірибесіне тоқталды.
Сондай-ақ, жылда бөлінетін мемлекеттік гранттан ауыл балалары қағылып жатыр. Себебі, ауыл мектептерінің білім сапасының төмендігінен, талапкерлер ҰБТ-да аз балл алып қалады. Өздеріңізге мәлім, ауылда бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ беретін деректер көп. Сенатор Күрішбаев ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 50%-ға дейін арттыру мәселесі шешілмей отыр дейді. Бұл орайда ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген мемлекеттік гранттарды ең алдымен университет бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қажетті уәждері бар адамдарды алу керек. Олар көбі ауыл жастары. Өкінішке орай жыл сайын аграрлық университеттерді бітірушілердің 30%-ы ғана ауылға баруға ниет білдіреді. Ал қалғандары мемлекет қаражатына оқып алып, қалада жұмыссыз жүреді. Осылайша, бюджет қаражаты жыл сайын кем дегенде 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалуда.