0:00 / 0:00
Нұр-Сұлтанда 400 адам арзан көлік сатып аламыз деп, санын соғып қалды. Бас-аяғы 7 миллиард теңгені қалтасына басып, тұтынушыларды алдап соққан автосалон жабылып қалды. Әзірге полиция тек бір қызметкерді ғана ұстады. Арзан бағаға, блогерлердің жарнамасына сенген елордалықтар енді ақшасын қалай қайтарып аламыз деп дал болып отыр. Бүгін наразы топ Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің алдына жиналды.
Nur-avtokz деген атаумен ашылған автосалон аукционнан тәркіленген автокөліктерді сатып алып, оны нарық бағасынан сәл арзанға сатумен айналысқан. Мысалы, 8 миллион теңгенің көлігін бұл салоннан 6 миллион теңгеге алуға болған. Аты айқайлап тұрған автосалонның блогерлермен жасалған жарнамасы да керемет болды дейді алданған топ. Бас-аяғы 400 адам осы салоннан арзан бағасына қызығып көлік сатып алуға, ақшасын құйған. Мұндағы басты талап –таңадаған автокөлік құнын жүз пайыз төлеп қоясың, темір тұлпар тек 45 күннен кейін қолыңа тиеді деп сендірген. Тұтынушыларды көлік құны мен ауыз толтырып уәде еткен сыйлықтар қызықтырған. Бірнеше автокөлік аламын деп 50 млн теңгесін салғандар да бар. Алайда, ақшасын төлеп, енді көлігін алуға барған азаматтар автосалонның жабылып қалғанын айтады. Салон қожайындары елордалықтарды жалпы 7 млрд теңгеге алдап кетті.
Зардап шегушілердің айтуынша, автосалонда келісім-шарт жасалған. Тіпті мөрі мен қолы да бар.
Полиция әзірге алаяқтардың тек біреуін ғана ұстаған. Ол Данияр есімді салон басшысы дейді наразы топ.Алайда, басшылары қамауға алынса да, автосалон қызметкерлері аңқау халықтан ақша жинап, көлік сатуын жалғастыра берген.
Қолға түскен директордың қолында бір тиын жоқ дейді зардап шегуішлер. Ал миллирдтаған соманы жинап алғандар қашып кеткен. Олардың айтуынша, қамауда отырған автсалон директоры мен іздеуде жүргендер бір-біріне туыс адамдар. Елорда полициясынан осы жағдайға қатысты пікір алу мүмкін болмады. Баспасөз қызметі журналистерден ресми хат жазуды сұрады. Тек сонда ғана олар жауап береді. Әрине оның өзінде тергеу амалдарына қатысты қандай да бір ақпарат беру мүмкін болса.