0:00 / 0:00
Қазақстанда SIM-карта рәсімдеу тәртібі өзгермек. Енді абоненттер ұялы байланыс нөмірін тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі мүмкін. Сонымен қатар телефон экранында кіріс қоңыраудың қай ұйымнан түскені көрсетіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Жаңа талаптар телефон алаяқтығымен күресуге және байланыс инфрақұрылымының қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Осы мақсатта байланыс операторларының Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен өзара әрекеттесу тәртібі де бекітілген. Бұдан бөлек, мобильді құрылғыларды тексеру талаптары нақтыланды. Енді телефондардың IMEI(имей)-коды арқылы заңсыз әкелінген немесе сәйкестендіру нөмірі қолдан жасалған құрылғыларды анықтауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ интернетке қолжетімділік пен халықаралық IP(ай пи)-телефония қызметін ұсынатын операторлар арнайы лицензия алуға міндеттеледі. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда биометриялық сәйкестендіру мемлекеттік қызметтерді алу, банк қосымшалары арқылы жеке басын растау және түрлі нысандарға кіруді бақылау кезінде қолданылады. Ал жаңа шаралар байланыс саласындағы қауіпсіздікті арттырып, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік бермек.







