0:00 / 0:00
Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас кәсіпқой рингтегі кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол алғаш рет Германияда өткен турнирде өнер көрсетті. Жекпе-жек Ландсхут қаласында 55,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтті. Қазақстандық спортшының қарсыласы Аргентина өкілі Аньелен Эспиноса болды. Кездесу сегіз раундқа жоспарланғанымен, соңғы гонг соғылған жоқ. Жетінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, Ангелина Лукастың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін жариялады. Жекпе-жектен кейін 29 жастағы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында өз әсерімен бөлісті. Ол Германиядағы рингке алғаш рет шығу алдында қатты қобалжығанын, әсіресе жанкүйерлер залды толық толтырған сәтте жауапкершілікті сезінгенін айтты. Дегенмен, спортшы психологиялық қысымды еңсеріп, айқын жеңіске қол жеткізді.Бұл – қазақстандық боксшының қатарынан тіркеген екінші жеңісі. Қазіргі таңда оның кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 17 жеңіс, оның 10-ы нокаутпен аяқталған. Сондай-ақ еншісінде бір жеңіліс және нәтижесіз аяқталған бір жекпе-жек бар.Айта кетейік, Ангелина Лукас BoxRec әлемдік рейтингінде екінші орында тұр.







