0:00 / 0:00
Қазақстанда бүгіннен бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Заңгерлер жаңа кодекстің қолданысқа енуі – еліміз үшін тарихи күн деген баға беріп отыр. Осылайша елде жаңа сала – әкімшілік әділет жүйесі іске қосылады дейді олар. ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Мусин
Қазақстанда сот алдына әділдік іздеп келгендердің күмәні көп. Себебі даулардың 85% мемлекеттік органдардың пайдасына шешіледі. Бұл азаматтардың соттарға, жалпы билікке деген сенімін жоғалтуда. Заңгерлер бүгіннен бастап күшін енген «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс» бұл кемшіліктердің жолын кеседі деп сендіреді. Қазақстанда азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша сот ісін жүргізудің 3 түрі бар. Енді жаңа Кодекстің қолданысқа енуімен сот ісін жүргізудің төртінші түрі – әкімшілік соттар жұмыс істейтін болды. Бұл жаңашылдық шенеуніктерді тәртіпке шақырып, әкімшілік әділеттік орнатуға жол ашады. Сот алқасының төрағасы Мусин мырзаның айтуынша, әкімшілік әділеттің миссиясы – билік органдарымен дау-дамайда әлсіз тарапты қорғау.
Айта кету керек, су жаңа Кодекс бойынша даулар мүлдем басқа қағидалармен қаралады. Әкімшілік сот дәлелді өзі жинайтын болады. Мұндағы судьялардың рөлі азаматтардың құқығын қорғаумен ерекшеленуі тиіс. Егер заңсыз шешім қоғам наразылығын тудыратын болса, әділдік іздеп сот алдына келген азаматқа өтемақы төленеді.
Осылайша Президент қол қойған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Азаматтардың құқығын қорғауда көп мүмкіндік туады деген үміт бар.