0:00 / 0:00
Үкімет келесі аптаға дейін жалпыұлттық жоспарды дайындап шықпақ. Бұл мәселе бүгін өткен Үкіметтің селекторлық отырысында қаралды. Өздеріңізге мәлім, күні кеше ел Президенті Қазақстан халқына жолдауында үкіметке бірнеше мәселені тапсырған болатын. Ең бастысы ел экономикасын дамытып, халықтың табысын сақтап, өмір сапасын жақсарту қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында көптеген бағдарламалар мен жобалар өзін ақтай алмағанын айтқанды. Енді нарық талабына жауап беретін жоспарлар жасалуы керек. Сол себепті Қазақстанда бәсекелестікті қорғайтын агенттік құрылады. Мамин бастаған министрлер кабинетін тыңдасаңыз жолдауды қолдауға дайын сияқты.
Мамин үкіметі жолдауды қолдауға екі қолын сыбана кірісіп жатыр. 11 бөлімнен тұратын жолдауда атқаратын шаруа жетерлік. Президент айтқандай, орталық мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, ұлттық компаниялардың меншігінде жеті мыңға жуық нысан бар. Бірақ саны көп, сапасы жоқ бұл нысандарды қысқарту қажеттігі айтылғанды. Кәсіпкерлер үшін нарыққа кіру оңайға соғып отырған жоқ. Өз кәсібін дөңгелетіп жүргендер жекеменшік монополистерге бағынуға мәжбүр. Енді монополистермен күрес басталмақ. Сондай-ақ, салық жеңілдігі жасалады. Есесіне азаматтардың еңбек қорына кетіп жатқан аударымдары өздеріне тиеді. Салық кодексінде ең көп зардап шеккен экономика саласына салықтар мен салымдарды салуды жеңілдету көзделуде.
Президент шенеуніктер мен депутаттардың шетелдегі есепшотын бақылауға алуды тапсырған болатын. Қаржы министрі қазақстандық шенеуіктерге, олардың отбасына шетелде есепшот ашуға тиым салынатынын хабарлады.
Сондай-ақ, бас қаржыгер экономикалық тергеумен айналысатын қызметтің жұмысын мұнай және мұнайөнімдерінің заңсыз айналымымен күресуге бағыттайтынын айтты. Қазына қаржысын жымқыру, ұлттық компаниялардың қаржылық саласы, салықтан жалтару, жалған шот-фактура жасағандарды қадағалап, тергеу ісі күшейтілмек. Ал халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ішкі істер минситрлігіне де жүктелген міндет жеткілікті. ТЖ саласы бұл министрліктен бөлініп, жеке министрлік болады. Ал ІІМ реформалауда учаскелік инспектордардың жағдайын жасаумен бастамақ. Президент Тоқаев жолдауында учаскелік полицейлер халықтың арасында жүруі тиіс деген болатын.
Тұрғымбаев өз ведомствосында сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыс саны 33 пайызға қысқарды деп сендіреді. Дегенмен, салада атқаратын шаруа көп.
Президент айтқандай, полицейлерді адамдармен ашық диалог жүргізуге үйретпек. Сондай-ақ, түрмелерге, полицияның қызметтік нысандарына бейнебақылау орнату қолға алынбақ.