0:00 / 0:00
Тұрақты жұмыс керек. Ел үкіметі жұмыспен қамту бағдарламасының орындалу барысын талқылады.Өкінішке орай халықты жұмыспен қамту кей өңірлерде баяу жүріп жатыр. Әкімдер мен еңбек министрінің есебін тыңдаған Асқар Мамин 4 аймақта жұмыспен қамту шараларының серпіні оң екенін атады. Алайда,
Батыс Қазақстан облысында көрсеткіш төмен. Ал Жол картасын қаржыландыруда өткен аптада тағы 240 млрд теңге бөлінген. Енді Мамин жыл соңына дейін халықты тұрақты жұмыспен қамтуды әкімдерге жіті тапсырды.
Пандемия барысында табысынан айырылған млндаған адам үшін қазір кез-келген жұмыс қажет-ақ. Еңбек министрлігінің жұмыспен қамтудағы есебін тыңдасаңыз, көбісі уақытша жұмыс. Ал халыққа тұрақты жұмыс керек. Министр Нұрымбетов, жол картасын қаржыландыруда тамыз айында тағы 240 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Елде жаңадан 683 нысанның құрдысы салынбақ. Бұл нысандар құрылысына жұмыссыздар жұмысқа тартылады. Мысалы, коронавируспен күресте 13 жаңа инфекциялық емхана құрылысы бой көтермек. Онда қосымша 5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады дейді еңбек министрі.
Нұрымбетов айтып отырған нысандар құрылысы жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бірақ бұл да уақытша жұмыс. Бүгінгі күні 743 мың адам жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамту, кәсібін өрлетуге шағын несие беру, жастар практикасын дамыту бойынша облыстар арасында Жамбыл өңірі жоспарды асыра орындап қойыпты. Әкім Сапарбаев жоспарды 100 пайызға емес, 130 пайызға орындап, қатырып қойдым деп отыр.
Ал жұмыспен қамтудағы әкімдер сайысында Батыс Қазақстан облысы көштен қалып қойды.
Премьер-министрдің өзі әкім Есқалиевке тезірек қозғалуға кеңес берді. Жыл соңына дейін министрлер кабиенті мен әкімдер 1 млн 200 мың адамға жұмыс тауып беру керек. Үкімет бұл мақсатқа жететініне сенімді.
Жол картасы бойынша 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Жалпы осы жыл басында әкімдермен жасалған меморандумдар бойынша өңірлерде биыл 431 мың жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс.