0:00 / 0:00
Бүгін Қазақ елі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. Енді Сталиннің солақай саясатының құрбандарын толық ақтау мәселелерімен айналысатын ғалымдар мен сарапшылар жабық архив материалдарына рұқсат алып, зерттеу жұмысына кірісетін болды. Айтулы күні құрбан болғандардың аруағына тағзым ету үшін «Ақ жол» партиясының мүшелері шеру өткізіп, елорданың Сейфуллин және Әуезов көшелерін жүріп өтті. Қала орталығындағы ашаршылық құрбандарының монументіне және Алжир кешеніне барып гүл шоқтарын қойды, дұға оқыды. Ғалымдардың айтуынша ашаршылық құрбандары мен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар күнін екіге бөлу керек. Екі зұлматты бір күнге белгілеп, оның қасіретін жеңілдетіп алып отырмыз дейді олар.
Бүгін 1920-1950 жылдары солақай саясаттың құрбаны болып, аштық тауқыметін тартқан бабаларымызды, жазықсыз жер құшқан арыстай тұлғаларды еске алып, рухына тағзым ету күні.
Ең алдымен ақжолдықтар Нұр-Сұлтан қаласының орталығында орналасқан ашаршылық құрбандары монументіне шерумен жүріп барды. Бұл жерде зұлмат жылдардың құрбандарының аруағына тағзым етіп, одан әрі әйгілі АЛЖИР лагеріне барды. Бұл жерде і саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері тұтқында болды. 18 мың әйелдің тағдыры осы лагерьде тоғысқан. «Халых жауының» жұбайы деген қара жамылды. Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында қазақ зиялыларынан 70 мың адам ату жазасына кесілді.
Тарихшылардың мәліметінше, Қазақстанда ұлы нәубет жылдары аштықтан 3,5 млнға жуық адам қаза болды. 1933 жылы халықтың 40 миллион бас малын тәркілеп алды. Малмен жан бағып отырған қазақтар барынан айырылды. Осылайша қазақ жерінде ашаршылық қолмен жасалды. Ғалымдар ашаршылық құрбандары мен саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күнін екіге бөлу керек деп санайды. Екі зұлматты біріктіріп, оның қасіретін тым жеңілдетіп алдық дейді.
Алайда, қазақтың басына түскен ашаршылық жайында, ондағы қырылып қалған миллиондаған адамның тағдыры туралы мәліметтер жоққа шығарылмағанымен, бұл қазаққа жасалған геноцид екені мойындалмай отыр. Тарихшылардың мәліметінше, Сталиннің бұйрығымен Қазақ жерін басқарған хатшы Голощекин коллективизацияның ең қатыгез жолын қолданған. Адам шығыны орын алды. 700 қазақ мектебі түгел жабылды. Қазақтар дінінен, мәдениетінен, тілінен айырылды. Енді Ақордадан келіп жеткен ақпаратқа сай, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелерімен айналысатын ғалымдар мен сарапшылар жабық архив материалдарына рұқсат алып, зерттеу жұмысына кірісетін болды.